БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ЖАҢА ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІ ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫ ҚАБІЛЕТІН АРТТЫРУ
Аннотация
ХХІ ғасыр мұғалімі – білім беруші ғана емес, оқушының танымдық дамуына бағыт-бағдар беретін, шығармашылық әлеуетін ашатын жетекші тұлға. Мақалада мұғалімнің заманауи рөлі, кәсіби құзыреттілігі, әдістемелік шеберлігі мен үздіксіз кәсіби даму жолдары сипатталады.
Тірек сөздер: мұғалімнің рөлі, кәсіби шеберлік, педагогикалық құзыреттілік, заманауи мұғалім, әдістемелік шеберлік, кәсіби даму, бастауыш сынып, білім сапасы, оқушы мен мұғалім қарым-қатынасы, педагогикалық технологиялар.
Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – жан-жақты дамыған, өз бетінше ойлай алатын, шығармашыл, өмірлік дағдылары қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Бұл мақсатқа жетудің алғашқы баспалдағы – бастауыш білім беру деңгейі. Бастауыш сынып – оқушының білімге деген ынтасын оятатын, қабілеттерінің қалыптасуына негіз болатын шешуші кезең. Сондықтан осы деңгейде заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану – оқушының жеке қабілетін дамытуда аса маңызды.
Бастауыш сынып оқушыларының жасы – ізденуге, тануға, көруге, естіп, қабылдауға құмар шақ. Бұл кезеңде әр баланың бойындағы жеке қабілетті, қызығушылықты байқай отырып, оны дамыту – мұғалімнің кәсіби шеберлігінің көрінісі. Қабілетті бала – бұл тек жақсы оқитын емес, ойлау, сөйлеу, тыңдау, сұрақ қою, идея ұсыну, талдау сияқты танымдық белсенділігі жоғары тұлға.
Білім берудің маңызды шарты оқу үрдісінде оқушылардың қызығушылығын арттырып, өздігінен білім алуға құштарлықтарын дамыту болып табылады. Мұғалім мен оқушы кез келген стратегияның әдіс-тәсілін, қыр-сырын жетік түсіне білуі қажет
Жаңа әдіс-тәсілдерді жүзеге асыру, тиімділігіне қарай пайдалану үшін, әр мұғалім өзінің алдында отырған оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогикалық мақсат-мүддесіне байланысты, өзінің шеберлігіне байланысты таңдап алады. Жаңа әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруда мұғалім белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады.
Оқушы тұлғасының дамуына, қабілетінің артуына жаңа әдіс-тәсілдердің айтарлықтай ықпал жасайтыны сөзсіз және бұл қазіргі таңдағы білім беру жүйесінің дамуындағы елеулі бағыт. Оқушыларды шығармашылық іс-әрекетке баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылықтарын арттыра түсу үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады:
Ø Балаларға белгілі тақырыпта әңгіме оқып, оқушыларға басқаша аяқтауға кілт боларлық сюжет ұсыну;
Ø Әңгіменің, ертегінің сюжетін бастап беру, аяқтауды оқушыларға тапсыру;
Ø Ертегіні ұжым болып тыңдау;
Ø Ұнатқан кейіпкерлеріне мінездеме беру;
Ø Қиялдау арқылы сурет салғызу, рөлмен ойнату;
Ø Арнайы тақырыпта пікірталас тудыру.
Сондықтан да болар қазіргі кезде біздің ұстаздар да осы жаңа әдіс-тәсіл элементтерін өздерінің тәжірибелерінде пайдаланып жүр.
Шығармашылық әр оқушының жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерін, танымдық іс-әрекеттері мен дағдыларының дәрежесін көрсетіп береді.
Шығармашылық жұмыстарды тәжірибеде мынадай тәртіппен орындауға болады: мақсаты жұмыс барысы, алынған нәтижелері бойынша өзіндік ұстауы, сондай-ақ оқушылардың пікірлері енгізіледі, таңдаулы жұмыстардың авторларына қорғау қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі жүргізіледі, жұмыс мектеп көрмесіне қойылады немесе шығармашылық жұмыс жинақта жарияланады т.б.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін көтеруді мұғалім алдына мақсат етіп қояды. Мұғалім оқушы күйіне кіріп, олардың тақырыпқа қатынас әрекетін ойлайды, өтілетін сабақтың проблемасына қажет жағдайда жоспарланған сабақ мазмұны мен оқыту әдістеріне түзетулер енгізеді. Сабақ тақырыбы бойынша мұғалім оқулықтар, кітаптар, әдістемелік кітаптар, басқа да материалдармен танысады. Мұғалім өзіне, оқушыларға мықты болатын мәселелерді іздестіреді. Осы мәселелер жөнінде көптеген материалдарды қарастырып, мамандардың пікірлерін ескере отырып, табу қажет.
Қазіргі білім берудегі әдіс-тәсілдерге қойылатын талаптар:
Жаңартылған білім мазмұны мұғалімнен тек білім беруші емес, бағыттаушы, ұйымдастырушы, серіктес рөлін талап етеді. Оқу процесінде қолданылатын әдіс-тәсілдер:
Оқушының жас ерекшелігіне сай болуы;
Тұлғалық бағдарланған тәсілді ұстануы;
Шығармашылық пен белсенділікке жетелеуі;
Сыни ойлауға, өз пікірін айтуға мүмкіндік беруі қажет.
Оқушы қабілетін дамытуға арналған заманауи әдіс-тәсілдер
1. Дамытушы ойындар мен интерактивті әдістер
Ойын – бастауыш сынып оқушылары үшін табиғи орта. Дамытушы ойындар баланың логикасын, тіл байлығын, есте сақтау қабілетін жетілдіреді.
Мысалы:
· «Миға шабуыл»
· «Ойлан, тап!»
· «Сөзжұмбақ шешу»
· «Суретпен сөйлет»
· «Түртіп алу», «INSERT» әдісі (мәтінмен жұмыс кезінде)
2. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы (СТО)
Бұл технология оқушыны өз ойын еркін айтуға, дәлелдеуге, салыстыруға, тұжырым жасауға үйретеді.
Қолдануға болатын әдістер:
· «Ойлан – жұптас – бөліс»
· «Бес жолды өлең»
· «Венн диаграммасы»
· «Түртіп алу стратегиясы»
· «Кубизм»
3. Жобалау әдісі
Бұл әдіс оқушылардың нақты бір тақырып бойынша ізденіп, дербес жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Оқушы өз жобасын қорғау арқылы жауапкершілікке, еркін сөйлеуге, дәлелдеуге үйренеді.
4. Коллаборативті (топтық) оқу
Топтық жұмыс – бірлескен әрекет арқылы оқуға үйрететін әдіс. Мұнда оқушы өзгемен пікір алмасып, өзіндік ойын айтып, қарым-қатынас дағдыларын дамытады.
Топтық жұмыс барысында:
Ø көшбасшылық қабілет дамиды;
Ø өзара сыйластық, тыңдай білу мәдениеті қалыптасады;
Ø ұжыммен жұмыс жасауға үйренеді.
5. Дифференциалды оқыту
Әр оқушының қабілеті мен дайындық деңгейі әртүрлі. Дифференциация – осы айырмашылықты ескеріп, оқыту мен тапсырманы бейімдеу. Бұл әдіс әсіресе дарынды және үлгерімі төмен оқушылармен жұмыста өте тиімді.
Қабілетті оқушымен жұмыстың бағыттары:
Зерттеушілік тапсырмалар – оқушыны ізденуге, зерттеуге бағыттау;
Шығармашылық тапсырмалар – өлең, әңгіме жазу, сурет арқылы ой білдіру;
Олимпиадалар мен байқауларға қатыстыру – өз қабілетін көрсетуге жағдай жасау;
Қосымша сабақтар – тереңдетілген тапсырмалар арқылы білімін кеңейту.
Білім беру саласындағы реформалар, заман талабына сай өзгерістер мұғалімнің кәсіби рөліне жаңа талаптар қояды. Енді мұғалім – тек білім беруші емес, оқушының оқуына жетекшілік ететін, бағыт беруші, дамуға жағдай жасаушы тұлға ретінде танылып отыр. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімі – баланың мектепке бейімделуінен бастап, тұлғалық дамуына дейінгі барлық үдерісте шешуші рөл атқарады.
Бастауыш сынып мұғалімі – баланың жан дүниесін түсінетін, бағыт беретін тұлға. Заманауи мұғалім:
оқытушы емес – ұйымдастырушы;
ақпарат беруші емес – кеңесші;
бұйырушы емес – серіктес;
бағалаушы емес – қолдаушы болуы керек.
Бастауыш сыныпта жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану – оқушы қабілетін дамытудың, тұлғалық қасиеттерін қалыптастырудың басты шарты. Әрбір сабақ – бала үшін жаңалық болуы керек. Жаңартылған білім мазмұны жағдайында мұғалім тек білім беруші емес, оқушы қабілетін дамытатын жетекші тұлға. Сондықтан сабақтың сапалы өтуі, оқушының белсенділігі мен қызығушылығы мұғалімнің әдіс-тәсілді дұрыс таңдап, оны тиімді қолдануына тікелей байланысты.
Болашаққа жол бастар білім кілті – бастауышта.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі. Мұғалімнің кәсіби стандарты. – Астана, 2023.
2. Құдайбергенова К.С. Инновациялық білім беру: теориясы мен практикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2021.
3. Жиенбаева С.К. Заманауи мұғалімнің кәсіби дамуы. – Астана: Фолиант, 2022.
4. Ильясова А.Ж. Бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби шеберлігі. – Шымкент, 2020.
Исмагамбетова Нургайша Булатовна
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы «№6 ЖОББМ» КММ
бастауыш сынып мұғалімі





















