Әке жолын қудым – картоп өсіруші қарағандылық кәсіпкер
Қазақта «әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деген мақал бар. Бүгінгі кейіпкеріміз Асылхан Туғанбаев – сол мақалға дәлел. Қарағандылық азамам агроном әкесінің тірлігін бала күннен көріп өскендіктен, өсімдікті егуден бастап, өнгенінше қадалағауды жаны қалайтын. Заңгердің дипломы болғанмен, бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Бүгінгі материалымыз еңбек азаматы – әке жолын қуып, егінге келген табысты кәсіпкерге арналады.
Асылхан Туғанбаев Қарағанды облысы Шет ауданы Қармыс ауылында туып-өскен.
1972 жылы дүниеге келдім. Мектепті де Қарымса ауылында оқыдым және содан кейін училищеде механизатор, колледжде заңгердің білімін алдым. Одан соң жоғарғы оқу орнын да заңгер мамандығымен тәмамдадым. Біздің кезімізде заңгерлер көп болған жоқ. Сондықтан сол дәуірдегі үрдіспен «көптен қалмай» сол мамандықты таңдадым, – деді қарағандылық.
Асылхан көпшіліктен қалмай оқыған заңгер мамандығын картоп өсірушіге айырбастады. Себебі оның бала күннен өсімдік өсіріп, баптау, соны зерттеу, тұқымының ерекшелігі қандай деген қызығушылығы жоғары болды.
Бала кезімнен соған көңіл бөліп, соны армандадым. Үйдің қасында кішігірім жерге картоп, қияр, қызанақ егетін едік. Соның бәрін өзім қызығып өсіретін едім. Сол кезден армандағанмын. Сөйтіп 2015 жылы картоп шаруашылығын бастадым. Қарағандыдан әрі қарай Шет өңірінде картоп өсіремін, – деді ол.
Кәсіпкер бұдан бөлек әкесінің қызметін агроном болып бастап, жоғары лауазымға жеткенін де атап өтті.
«Әке көрген оқ жонар» деген бар ғой. Әкемнің қасынан қалмай, зерттейтінмін. Ол кісі маған үлгі болды. Әкем қазір 80-ге келді. Зейнетте. Бізді жақсы тәрбиеледі. Білім берді. Қатарымыздан қалдырмады. Сол кісінің жүрген жолын көріп өстім, яғни әке жолын қудым және одан жаман болмадым, – деді Асылхан.
Кәсіпкер жолдасымен 1996 жылы үйленген. Бүгінде олар екі немересі бар ата-әже болып отыр.
Жолдасыммен бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Ұлым үйленген, ағылшын тілінің аудармашысы, жеке бизнеспен айналысады. Қазір екі баласы бар, яғни екі немереміз бар. Ал, қызым қазір 10-сыныпты аяқтады, – деп қосты ол.
Иә, кейіпкеріміз әке жолын қуғанмен, оның ұлы басқа кәсіппен айналысады. Бірақ ол да – кәсіпкер. Демек ұлының да әкесінен алыс кетпегені, бизнеске жақын келгені анық. Бірақ Асылхан ұлының таңдауына қолдау көрсеткен. Себебі оның ойынша, әр адам – жеке тұлға және әркімнің өз таңдауы, өз жолы бар.
Асылхан Туғанбаевтың ойынша кез келген кәсіп табандылықпен қоса түрлі маңызды қасиетті қажет етеді.
Бизнес жүргізу оңай емес. Одан қалды өсімдік шаруашылығы қиын. Сен күтпеген және білмейтін табиғи апаттар болып қалуы мүмкін. Ондай да жанталасып әрекет етесің. Үнемі ізденіс, тынбай еңбектену, дисциплина мен табандылық қажет. Мақсатыңды айқындап, соған сәйкес әрекетіңді құру маңызды. Осы уақытқа дейін түйгенім – бала күнгі өзіңмен сөйлесіп, қалауыңды шығару керек, – деп түйіндеді сөзін картоп өсіретін кесіпкер.
Бүгінде Асылхан 15 адамды жұмыспен қамтып, ағайын-туыс, ауылдастарына қамқор болып отыр. Оның қасында ізін жалғастыратын інілері – кәсібін сеніп тапсыратын бауырлары бар.
Автор: Рахила Бекназарқызы
Тағы да оқыңыздар

Ақшаны қаралы күнге емес, мақсатқа жинау керек – сарапшы Марал Жаппасбай
