Білім беру сапасын арттырудағы мұғалімнің рөлі
Аңдатпа.
Бұл мақалада білім беру сапасын арттыру және аталған бағыттағы мұғалімнің рөлі қарастырылады. Оның ішінде мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен әдістемелік шеберлігі сапалы білім берудің негізі екені талқыланады. Сонымен қатар, мұғалімдердің оқушылармен өзара қарым-қатынасы, жеке тұлғаға бағытталған оқыту әдістері және білім беру процесіндегі жаңашылдықтардың рөлі жан-жақты сараланады. Білім беру сапасын арттыруда мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуы, жаңа педагогикалық технологияларды меңгеруі және қолдануының маңызы зор. Мақалада тиімді оқыту,білім деңгейін арттыру мен тәрбиелеу жолдары ұсынылады. Қорытынды бөлімде білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар мен қорытындылар беріледі.
Түйінді сөздер:білім беру сапасы, мұғалімнің рөлі, кәсіби біліктілік, жаңа технологиялар.
Кіріспе.
Білім беру – қоғам дамуы мен өркендеуінің негізі. Келешек ұрпақтың жан-жақты дамыған, саналы, білікті һәм білімді тұлға ретінде қалыптасу жолындағы маңызды құрал десек қателеспейміз. Бүгінгі жаһандану және технологиялық даму кезеңінде білім беру жүйесінің сапасы барлық елдің экономикалық және әлеуметтік ілгерілеуінде шешуші рөл атқарады. Әрбір мемлекет білім беру жүйесін жетілдіруге, оны заман талабына сай жаңғыртуға ерекше мән береді.
Әлем елдерінің білім беру әдіс-тәсілдері бөлек болса да, баршаға ортақ мақсат – оқушыларға жан-жақты білім беру, креативті ойлау, талдау және шешім қабылдау қабілеттерін дамыту.
Осы орайда, мұғалімнің рөлі ерекше. Бұл баршаға белгілі - мәнбі. Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, оқушылардың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін тәрбиеші, бағыттаушы, ментор. Мұғалімнің кәсіби біліктілігі, әдістемелік шеберлігі және жаңашылдыққа ұмтылысы білім беру сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді.
Білім беру сапасын арттыруда ұстазға маңызды міндет жүктеледі. Біріншіден, мұғалімдер өз білімін үздіксіз жетілдіріп, заманауи педагогикалық технологияларды меңгеруі қажет. Бұл оқыту процесін тиімді ұйымдастыруға, оқушылардың білім деңгейін көтеруге мүмкіндік береді;
Екіншіден, мұғалімдер оқушылармен жеке қарым-қатынас орнатып, олардың жеке ерекшеліктерін ескеріп, оқыту әдістерін түрлі бағытта бейімдеуі тиіс;
Үшіншіден, мұғалімдер оқушылардың қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы қажет. Тиімді әдістерді орындау білім беру сапасын арттыруға және қоғамның интеллектуалдық әлеуетін көтеруге айтарлықтай ықпал етеді.
Мақалада тақырыптың әлқиссасы айтылды. Қош. Ендігі кезекте әдістемеге ойыссақ.
Әдістеме.
Білім беру сапасын арттыруда қолданылатын әдістер ерекше маңызға ие. Дұрыс таңдалған тәсіл оқу процесін тиімді ұйымдастырып, оқушылардың белсенділігін арттырады әрі қызығушылығын оятады. Оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдану білім алушылардың жан-жақты дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.
Әдістемелік тәсілдердің негізгі мақсаты – оқушылардың білімін тереңдету, олардың сыни ойлау қабілеттерін дамыту және өз бетімен білім алу дағдыларын қалыптастыру. Мәселен, проблемалық оқыту әдісі оқушылардың өз бетімен мәселе шешу қабілетін дамытса, жоба әдісі олардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін жетілдіреді. Сонымен қатар, интерактивті әдістер, топтық жұмыс, пікірталас, рөлдік ойындар – оқушылардың коммуникативтік дағдыларын нығайтып, бірлесіп жұмыс істеуге үйретеді.
Заманауи білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану да маңызды рөл атқарады. Компьютерлік бағдарламалар, онлайн ресурстар мен электронды оқулықтар оқу процесін қызықты әрі тиімдірек етеді. Бұл технологиялар оқушылардың білімін кеңейтіп қана қоймай, оларды жаңа білім көздерімен жұмыс істеуге үйретіп, ақпараттық сауаттылықтарын арттырады.
Әдістемелік жаңашылдықтар оқушылардың болашақта бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Мысалы, жобалық оқыту әдісі оқушыларды нақты мәселелерді шешуге бағыттаса, саралап оқыту олардың жеке ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Жоба жұмысы кезінде оқушылар белгілі бір тақырыпты жан-жақты зерттеп, өз ойларын жүйелі түрде жеткізуге, жобаларын қорғауға үйренеді. Сонымен қатар, критериалды бағалау жүйесі оқушылардың жетістіктерін әділ бағалап, олардың өзін-өзі дамытуына ықпал жасайды.
Интерактивті әдістер, топтық жұмыс, пікірталас, рөлдік ойындар – оқушылардың коммуникативтік дағдыларын нығайтады. Бұл әдістер оқушылардың өзара қарым-қатынасын жақсартып, бірлесіп жұмыс істеуге үйретеді. Сондай-ақ, оқу процесін жандандырып, оқушылардың қызығушылығын арттырады және оқу материалын терең меңгеруге көмектеседі.
Диалогтық оқыту - оқушы мен мұғалім арасындағы өзара әрекеттестікті арттырады. Бұл әдіс оқушылардың өз ойларын ашық білдіруге, пікірлерін қорғауға, дәлелдеуге және талқылауға қатысуына мүмкіндік береді. Диалогтық оқыту оқушылардың коммуникативтік қабілеттерін дамытып, өзіндік пікір қалыптастыруға және сыни ойлау дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.
Флеппинг-кластер әдісі -оқушылардың өздігінен оқуға ынтасын арттырады. Бұл әдісте негізгі теориялық материал үй тапсырмасы ретінде беріледі, ал сыныпта сол материалды практикалық тұрғыда қолдануға назар аударылады. Флеппинг-кластер әдісі оқушыларға өздігінен оқу дағдыларын дамытып, сыныптағы уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Тьюторлық әдіс- оқушылардың жеке қажеттіліктерін ескеруге бағытталған. Бұл әдісте әр оқушыға жеке тьютор тағайындалып, оның білім алу процесі жеке қадағаланады. Тьюторлар оқушылардың оқу жетістіктерін бақылап, олардың жеке оқу жоспарын құрып, қолдау көрсетеді. Бұл тәсіл оқушылардың білім алуын жекешелендіріп, олардың өз бетімен жұмыс істеу қабілетін арттырады және оқу мотивациясын көтереді.
Білім беру әдіс-тәсілдерінің тиімді қолданылуы мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, олардың жаңашылдыққа ұмтылысына байланысты. Осыған орай, мұғалімдер үздіксіз кәсіби дамуға, өз тәжірибелерін жетілдіруге ұмтылуы тиіс. Бұл – оқушылардың сапалы білім алуына, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға зор ықпал етеді.
Практикада қолдану.
Білім беру сапасын арттыру үшін практикада қолданылатын нақты әдіс-тәсілдерді жүзеге асыру қажет. Бұл бөлімде осы әдістердің мектептегі оқу процесінде қалай қолданылатыны туралы айтылады.
Проблемалық оқыту әдісін практикада қолдану үшін мұғалімдер сабақ барысында нақты мәселелерді ұсынады. Мысалы, экология, қоғамдағы әлеуметтік мәселелер немесе ғылыми-зерттеу тақырыптары бойынша проблемалық сұрақтар қойылады. Оқушылар топқа бөлініп, мәселені талқылап, өз шешімдерін ұсынады. Бұл әдіс олардың зерттеу, талдау және шешім қабылдау дағдыларын жетілдіреді.
Жоба әдісін енгізу үшін мұғалімдер оқушыларға белгілі бір тақырып бойынша жоба жасау тапсырмасын береді. Мысалы, тарих пәнінде белгілі бір тарихи оқиғаны зерттеу немесе география пәнінде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жобасын әзірлеу тапсырмасы беріледі. Оқушылар жобаны зерттеп, ақпарат жинап, нәтижелерін сынып алдында қорғап, өз ойларын жүйелі түрде жеткізед.
Интерактивті әдістерді практикада қолдану үшін мұғалімдер сабақ барысында топтық жұмыс, пікірталас немесе рөлдік ойындар ұйымдастырады. Мысалы, әдебиет сабағында белгілі бір шығарманы талқылау үшін оқушыларды топтарға бөліп, әр топқа кейіпкерлердің рөлін береді. Бұл әдіс оқушылардың коммуникативтік дағдыларын нығайтып, бірлесіп жұмыс істеуге үйретеді.
Диалогтық оқыту әдісін қолдану үшін ұстаздар сабақ барысында оқушылармен еркін әңгіме, пікірталас ұйымдастырады. Мәселен, қоғамтану сабағында белгілі бір әлеуметтік мәселе бойынша пікір алмасу. Оқушылар өз ойларын ашық айтып, пікірлерін қорғап әрі дәлелдейді. Бұл әдіс олардың сыни ойлау және өз пікірін дәлелдеу қабілеттерін дамытады.
Флеппинг-кластер әдісін қолдану үшін мұғалімдер негізгі теориялық материалды үй тапсырмасы ретінде беріп, сабақ уақытында сол материалды практикалық тұрғыда қолдануға назар аударады. Мысалы, математика сабағында оқушылар үйде жаңа тақырыпты оқып келіп, сыныпта есептер шығарады. Бұл әдіс оқушылардың өздігінен оқу дағдыларын дамытып, сыныптағы уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Тьюторлық әдіс оқушылардың жеке қажеттіліктерін ескеруге бағытталған. Бұл әдісте әр оқушыға жеке тьютор тағайындалып, оның білім алу процесі жеке қадағаланады. Тьюторлар оқушылардың оқу жетістіктерін бақылап, олардың жеке оқу жоспарын құрып, қолдау көрсетеді. Мысалы, дарынды балалармен жұмыс істеу барысында әр оқушыға жеке жоспар құрып, олармен жеке сабақтар өткізу.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардықолдануоқыту процесін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұғалімдер сабақ барысында компьютерлік бағдарламаларды, онлайн ресурстарды, электронды оқулықтарды пайдаланады. Мысалы, химия сабағында виртуалды зертханаларды қолдану арқылы тәжірибелер жүргізу. Бұл оқушылардың білімін кеңейтіп қана қоймай, олардың ақпараттық сауаттылығын арттырады.
Практикада қолданылатын осы әдіс-тәсілдер оқушылардың білімін тереңдетуге, олардың жан-жақты дамуына және болашақта бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен жаңашылдыққа ұмтылысы білім беру сапасының артуына ықпал етеді.
Ұсыныстар
Білім беру сапасын арттыру үшін мынадай ұсыныстар ұсынғым келеді:
Мұғалімдердің кәсіби дамуын үздіксіз қолдау. Білім беру сапасын арттыру үшін мұғалімдердің біліктілігін тұрақты түрде көтеру қажет. Осы мақсатта жүйелі түрде семинарлар, тренингтер, шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, педагогтардың жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруі қамтамасыз етілуі тиіс.
Оқыту процесіне инновациялық технологияларды енгізу. Заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолдану арқылы сабақтарды қызықты және тиімді өткізуге мүмкіндік жасау керек. Виртуалды зертханалар, интерактивті тақталар, онлайн платформалар секілді құралдар оқу процесін жаңғыртып, оқушылардың қызығушылығын арттырады.
Жеке оқыту бағдарламаларын әзірлеу. Әр оқушының жеке ерекшеліктерін ескеру үшін саралап оқыту әдісін кеңінен қолдану қажет. Мұғалімдер оқушылардың қабілеттері мен қызығушылықтарына сай жеке оқу жоспарларын құрып, әрбір оқушының потенциалын ашуға көмектесуі тиіс.
Оқушылардың өздігінен оқу дағдыларын дамыту. Оқушыларды өздігінен білім алуға, зерттеу жүргізуге ынталандыру үшін проблемалық оқыту, жоба әдісі, диалогтық оқыту сияқты тәсілдерді кеңінен қолдану керек. Бұл әдістер оқушылардың сыни ойлау, аналитикалық және шығармашылық қабілеттерін дамытады.
Қоғам және ата-аналармен ынтымақтастықты нығайту. Білім беру процесінің тиімділігін арттыру үшін мектеп, ата-аналар және қоғам арасындағы ынтымақтастықты күшейту қажет. Ата-аналармен тұрақты байланыс орнатып, оқу процесіне белсенді қатыстыру, мектептің қоғамдық өмірге белсене араласуы оқушылардың әлеуметтік және білім деңгейінің жоғары болуына ықпал етеді.Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру арқылы білім сапасын тиімді қалыптастыруға болады.
Қорытынды
Білім – әрбір адамның, қоғамның және елдің дамуы мен өркендеуінің негізі. Қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесін жетілдіру, оның сапасын арттыру басты міндеттердің бірі болып табылады. Білім беру сапасы жоғары болғанда ғана жастар өз мүмкіндіктерін толық іске асыра алады, қоғамның зияткерлік әлеуеті артады, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы қамтамасыз етіледі.
Бұл мақалада білім беру сапасын арттырудағы мұғалімнің рөлі, оқыту әдіс-тәсілдерінің маңызы, олардың практикада қолданылуы сынды маңызды мәселелер қарастырылды. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен жаңашылдыққа ұмтылысы, оқыту әдістерін дұрыс таңдауы мен тиімді қолдануы оқушылардың білім деңгейін көтеруге және олардың жан-жақты дамуына айтарлықтай ықпал етеді.
Білім алу – үздіксіз және шексіз процесс. Жастардың білім алуына қажетті мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан көптеген іс-шаралар қабылдануда. Мектептер мен жоғары оқу орындары материалдық-техникалық базасын жаңартып, заманауи оқу құралдарын пайдалану арқылы білім беру процесін жетілдіруде. Сонымен қатар, жастардың шетелде білім алуына, тәжірибе жинақтауына, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуына жағдай жасалуда. Бұл олардың әлемдік білім кеңістігінде өз орындарын табуына, жаңа технологияларды меңгеруіне, өз елінде қолдануына мүмкіндік береді.
Білім беру сапасын арттыру үшін ең алдымен мұғалімдердің кәсіби дамуын үздіксіз қолдау қажет. Шәкірт тәрбиелейтін ұстаз өз білімін үнемі жетілдіріп, заманауи талаптарға сай оқыту әдістерін қолдана білуі шарт.
Қорыта айтқанда, білім беру сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Мұғалімдердің кәсіби дамуы, заманауи оқыту әдіс-тәсілдерін қолдану, оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру, инновациялық технологияларды пайдалану, өздігінен оқу дағдыларын дамыту және ата-аналар мен қоғамның қолдауы – мұның барлығы оқушылардың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына және қоғам әлеуетінің артуына ықпал етеді.
Білім – болашақтың кілті. Сол үшін адам, қоғам, мемлекет осы кілтті тиімді пайдаланып, өзінің жарқын болашағын құруға ұмтылуы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. «Тиімді оқыту мен оқу» қазақстан республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы, - «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016
2. Бастауыш класстарда қазақ әдебиетін оқыту методикасы, - А.,1987 Рахметов С.
3. Абалкова И, Игібаева А.К. Интерактивті әдіс арқылы тіл мәдениетін дамыту /Б.Абалкова, А.К.Игібаева // С.Аманжолов атындағы ШҚМУ–дың жас ғалымдары конференциясының баяндамалары. – Өскемен.
4. 11. С. Рахметова. Қазақ тілін оқыту методикасы. Алматы:Ана тілі. 1991 ж-184 б.
5. 8. Жиенбаев С. Сауат мектебінде ауыз бен жазба сөзге үйрету // Ауыл мұғалімі, 1935. - №6.
Набиева Сайра Сарсенгалиевна
Сейдалы Оразалин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі
Тағы да оқыңыздар

ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ

ФИЗИКА ПӘНІН ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА БАҒЫТТАП ОҚЫТУ


















