МҰҒАЛІМ, СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІ ЖӘНЕ АТА-АНА ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫНЫҢ ИНЖЕНЕРЛІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ
(Абдуллаһ есімді оқушының 2 жылдық индивидуальды даму кейсі негізінде)
2026 жылғы 10 қазанда «Ұлы дала ұстазы» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналы мен «Педагогикалық даму» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Білім берудегі жаңа трендтер: педагогикалық идеялар мен дағдылар, үздік тәжірибелер» атты республикалық тәжірибе алмасу онлайн-конференциясында баяндама жасап, өзінің педагогикалық тәжірибесімен бөлісті.
Сәлімжан Елпат, Педагог-сарапшы, информатика пән мұғалімі
Меллатқан Гүлсара, Педагог-сарапшы, математика пән мұғалімі
Астана қаласы №71 мектеп-лицей E-mail:elpat88@gmail.com
Сәлімжан Елпат, Педагог-сарапшы
Меллатқан Гүлсара, Педагог-сарапшы
Астана қаласы №71 мектеп-лицей
Мақалада білім беру процесіндегі пән мұғалімі, сынып жетекшісі және ата-ана арасындағы үшжақты ынтымақтастықтың маңыздылығы қарастырылады. Оқушының жеке дағдылары мен артықшылықтарын айқындап, оны кәсіби бағдарлау бағытындағы екі жылдық педагогикалық тәжірибе сарапталған. Абдуллаһ есімді оқушының 9-10 сыныптар аралығындағы пәндік олимпиадалық дайындықтан бастап, Arduino микроконтроллерлері мен 3D-принтинг технологияларын қолдана отырып физика-инженерлік жобаларды жүзеге асыру динамикасы сипатталған.
Түйін сөздер: педагогикалық ынтымақтастық, сынып жетекшісі, ата-анамен байланыс, STEM-білім беру, физика және инженерия, Arduino, 3D-принтинг, олимпиадалық дайындық, индивидуальды траектория.
1. Кіріспе
Заманауи білім беру жүйесінің басты басымдықтарының бірі – әрбір оқушының бейімділігі мен жеке артықшылықтарын ерте жастан айқындап, оның өзіндік даму траекториясын қалыптастыру. Бүгінгі таңда мектептегі оқу процесі тек білім берумен шектелмейді; ол оқушының бойындағы жасырын әлеуетті ашуға, зерттеушілік дағдыларын шыңдауға және болашақ кәсіби бағдарына бағыттауға негізделуі тиіс [1, 45 б.].
Бұл міндетті тиімді жүзеге асырудың негізгі тетігі – «пән мұғалімі – сынып жетекшісі – ата-ана» арасындағы тығыз әрі жүйелі ынтымақтастық болып табылады. Тек осы үшжақты серіктестік орнағанда ғана оқушының академиялық үлгерімі, психологиялық жай-күйі және техникалық шығармашылыққа деген қызығушылығы кешенді түрде дамиды [2, 112 б.]. Бұл мақаланың мақсаты – аталған үшжақты байланыстың тиімділігін практик-педагогтің екі жылдық тәжірибесі (кейстік зерттеу) арқылы дәлелдеу және оқушыны инженерлік-инновациялық бағытқа бағдарлаудың әдістемелік алгоритмін ұсыну.
2. «Мұғалім – сынып жетекшісі – ата-ана» үштігінің тиімді әрекеттестік моделі
Оқушының тұлғалық және академиялық дамуында әрбір субъектінің өзіндік орны мен атқаратын функциясы бар. Тәжірибе көрсеткендей, білім беру сапасын арттыру үшін бұл тараптардың әрекеті жеке-жеке емес, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі қажет [3, 78 б.].
Пән мұғалімінің ролі: Оқушының нақты пәнге (біздің жағдайда – физика мен математикаға) деген бейімділігін сабақ процесінде байқау, академиялық білім мен зерттеушілік дағдыларды қалыптастыру, олимпиадалық және жобалық тапсырмалар арқылы ойлау тереңдігін дамыту.
Сынып жетекшісінің ролі: Оқушының жалпы психологиялық-эмоционалдық жағдайын бақылау, оның уақытты тиімді басқаруына (time-management) көмектесу, пән мұғалімі мен ата-ана арасында алтын көпір болу. Оқушының сабақтан тыс уақыттағы қызығушылықтарын үйлестіру.
Ата-ананың ролі: Үйде оқушыға қолайлы эмоционалдық және материалдық-техникалық орта жасау, оның қызығушылықтарын қолдау, педагогтермен тұрақты кері байланыста болу және баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға ықпал ету.
Үшжақты синергия нәтижесінде оқушы өзінің жалғыз еместігін, оның әрбір жетістігі мен ізденісі мектеп пен отбасы тарапынан жоғары бағаланатынын сезінеді. Бұл фактор баланың өз күшіне деген сенімділігін арттырып, күрделі инженерлік-техникалық міндеттерді шешуге ынталандырады.
3. Абдуллаһ есімді оқушының 2 жылдық индивидуальды даму кейсі
Ұсынылып отырған педагогикалық тәжірибе мектебіміздің оқушысы Абдуллаһпен екі жыл бойы (9-10 сыныптар) жүргізілген жүйелі жұмысты қамтиды. Төменде осы жүйелі жұмыстың екі кезеңі тереңдетіліп талданады:
I кезең: 9-сынып – Бастапқы диагностика және олимпиадалық дайындық
Жұмыстың алғашқы кезеңінде Абдуллаһтың физика-математикалық бағытқа деген ерекше қызығушылығы мен аналитикалық ойлау қабілеті анықталды. Пән мұғалімі ретінде оған базалық бағдарламадан тыс тереңдетілген тапсырмалар мен олимпиадалық есептер ұсынылды. Сынып жетекшісімен бірлесе отырып, оқушының оқу жүктемесі реттелді. Ата-анасымен өткізілген алғашқы кеңесуде баланың әлеуеті түсіндіріліп, үйде қосымша әдебиеттермен жұмыс жасауына қолдау сұралды.
Бұл кезеңде Абдуллаһ пәндік олимпиадаларға белсене қатысып, теориялық білімін бекітті. Олимпиадалық дайындық оған физикалық заңдылықтарды терең ұғынуға, логикалық пайымдау жасай білуге және күрделі математикалық аппаратты қолдануға мүмкіндік берді [4, 52 б.].
II кезең: 10-сынып – Болашақ инженерлік бағдарды анықтау және STEM-жобалар
10-сыныпқа өткен соң Абдуллаһтың бойында тек абстрактілі теориялық физикаға емес, қолданбалы инженерияға, робототехникаға және модельдеуге деген айқын артықшылығы (қызығушылығы) қалыптасқаны айқындалды. Осы ретте пән мұғалімі, сынып жетекшісі және ата-ананың кезекті кездесуінде Абдуллаһтың болашақ мамандығы ретінде физика-инженерлік бағыт таңдалды.
Бұл бағытты жүзеге асыру үшін теориялық білімді заманауи STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) технологияларымен ұштастыру шешімі қабылданды [5, 104 б.]. Жұмыс екі негізгі құрал арқылы жүргізілді:
1) Arduino микроконтроллерлік платформасымен жұмыс: Абдуллаһ физикалық процестерді автоматтандыру мен датчиктердің жұмысын бағдарламалауды меңгерді. Физикалық заңдарды (электр тізбектері, термодинамика, механикалық тербелістер) модельдеуге арналған микросхемалар құрастырылды.
2) 3D print және компьютерлік модельдеу (CAD): Инженерлік жобаларға қажетті бірегей бөлшектерді 3D редакторларда (Tinkercad) жобалап, 3D принтерде басып шығару жүзеге асырылды. Төменде дроннан қорғану жүйесі модельі.
1-сурет, дроннан қорғану жүйесі
4. Инженерлік жобаны жүзеге асыру нәтижелері
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Абдуллаһ физикалық құбылыстарды зерттеуге арналған автономды автономды-өлшеуіш құрылғысының прототипін жасап шығарды. Жоба аясында 3D принтерде корпус пен механикалық бөлшектер басып шығарылып, Arduino негізінде датчиктер жинақталды.
Бұл жобаны орындау процесінде оқушы мынадай маңызды дағдыларды (Hard & Soft Skills) меңгерді:
• Инженерлік және конструкторлық ойлау қабілеті;
• С++ тілінде Arduino микроконтроллерлерін бағдарламалау;
• 3D модельдеу және прототиптеу дағдылары;
• Өз жобасын ғылыми ортада қорғау және презентациялау шеберлігі.
Жобаны материалдық жағынан жабдықтауға ата-ана тікелей қолдау көрсетсе, сынып жетекшісі оқушының уақыт кестесін тиімді бөлді, ал пән мұғалімі ғылыми-әдістемелік бағыт-бағдар берді. Осылайша, үшжақты ынтымақтастық нақты нәтижеге қол жеткізді.
5. Қорытынды және әдістемелік ұсыныстар
Жүргізілген 2 жылдық кейстік зерттеу нәтижесі мұғалім, сынып жетекшісі және ата-ана ынтымақтастығы оқушының индивидуальды потенциалын ашудың ең тиімді құралы екенін айқын көрсетті. Осы тәжірибе негізінде педагогтерге мынадай әдістемелік ұсыныстар беріледі:
1) Оқушының қызығушылығын ерте анықтау: 8-9 сыныптарда пәндік олимпиадалар мен зерттеу жұмыстары арқылы оқушының бейімділігін айқындау;
2) Үшжақты диалогты тұрақты ұстау: Сынып жетекшісі мен пән мұғалімі ата-анамен тек үлгерімді талқылау үшін емес, баланың болашақ мамандығы мен жобалық жұмыстарын жоспарлау үшін кездесулер өткізуі тиіс;
3) STEM технологияларын пәнмен интеграциялау: Теориялық білімді Arduino, 3D принтер сынды заманауи құралдармен ұштастыру оқушының инженерлік ойлауын шарықтатады [6, 150 б.];
4) Индивидуальды даму траекториясын құру: Әрбір дарынды немесе техникаға бейім оқушыға жеке оқу-зерттеу жоспарын дайындау.
Әдебиеттер
1. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. – Астана: Елорда, 2017. – 56 б.
2. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жаршысы. Педагогикалық ғылымдар сериясы. – Алматы, 2021. – №2 (67). – 110-118 бб.
3. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 160 б.
4. Сүлейменова С.А. STEM-білім беру арқылы оқушылардың инженерлік дағдыларын дамыту // Қазақстан мектебі. – 2023. – №4. – 102-108 бб.
5. Робототехника және 3D модельдеу мектепте: Әдістемелік нұсқаулық / Құраст. Б.Қ. Тұрсынов. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, 2022. – 180 б.
Тағы да оқыңыздар





















