«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР – БІЛІМ САПАСЫНЫҢ НЕГІЗІ»

Арнайы жобалар 16:00, 10.10.2026 6
ЖАНАЕВА КУРАЛАЙ БАКИТЖАНОВНА

Аңдатпа

Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – білімді жай ғана меңгерген емес, алған білімін өмірде қолдана алатын, өз ойын еркін жеткізетін, сыни ойлайтын, шығармашылықпен әрекет ететін және үнемі ізденуге ұмтылатын тұлға қалыптастыру. Осы мақсатқа жетуде мұғалімнің кәсіби шеберлігімен қатар, оның педагогикалық идеялары мен жаңашыл ізденістерінің маңызы зор. Педагогикалық идея – мұғалімнің оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге бағытталған шығармашылық ойы, әдістемелік ұстанымы және нақты тәжірибеде жүзеге асатын жаңашыл шешімі.

Мақалада білім сапасын арттырудағы педагогикалық идеялардың рөлі, заманауи оқыту әдістерін тиімді пайдалану, оқушының жеке ерекшелігін ескеру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін сабақта қолдану, функционалдық және оқу сауаттылығын дамыту мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында қолдануға болатын тиімді әдіс-тәсілдер мен практикалық мысалдар ұсынылады.

Түйін сөздер: педагогикалық идея, білім сапасы, мұғалім, оқушы, инновация, шығармашылық, функционалдық сауаттылық, оқу сауаттылығы, цифрлық технология, жасанды интеллект, ұлттық құндылық.

Білім – қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші. Қай мемлекеттің болашағы да оның білім беру жүйесінің сапасымен тығыз байланысты. Сондықтан қазіргі кезеңде білім сапасын арттыру мәселесі білім беру ұйымдарының ғана емес, әрбір педагогтің басты міндеттерінің біріне айналып отыр.

Бүгінгі оқушы – ақпаратты дайын күйінде қабылдайтын тыңдаушы ғана емес. Ол – ақпаратты іздейтін, салыстыратын, талдайтын, бағалайтын және өз көзқарасын білдіретін тұлға. Қазіргі қоғамға қажетті адам тек теориялық біліммен шектелмейді. Ол алған білімін нақты өмірлік жағдаяттарда қолдана білуі, шешім қабылдауы, өзгелермен қарым-қатынас орнатуы, өз ойын дәлелдей алуы қажет.Осы тұрғыдан алғанда білім сапасын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі – педагогикалық идея.Педагогикалық идея – мұғалімнің оқыту мен тәрбиені тиімді ұйымдастыруға бағытталған шығармашылық ойы. Ол белгілі бір әдісті жай ғана қолданумен шектелмейді. Педагогикалық идея мұғалімнің «Оқушыны қалай оқытамын?», «Оның қызығушылығын қалай арттырамын?», «Білімді өмірмен қалай байланыстырамын?», «Әр оқушының мүмкіндігін қалай ашамын?» деген сұрақтарға ізденіс арқылы жауап табуынан туындайды. Нағыз педагогикалық идеяның ерекшелігі – оның оқушы нәтижесіне бағытталуында. Яғни мұғалім қолданған кез келген әдіс-тәсіл оқушының білім алуына, ойлауына, ізденуіне, шығармашылық қабілетінің дамуына нақты ықпал етуі керек.

Педагогткалықидея және оныңбілім сапасындағыорны

Педагогикалық идея – мұғалімнің кәсіби ойлауынан, тәжірибесінен және шығармашылық ізденісінен туындайтын жаңашыл бағыт. Әр мұғалімнің өзіндік педагогикалық ұстанымы болады. Бір мұғалім оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға басымдық берсе, екіншісі зерттеушілік дағдыға, үшіншісі функционалдық сауаттылыққа, ал тағы бірі цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға көңіл бөлуі мүмкін.

Педагогикалық идеяның құндылығы оның жаңашылдығымен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – оның оқушыға беретін нәтижесі.Мысалы, сабақ барысында мұғалім дәстүрлі түсіндіру әдісінің орнына оқушыға проблемалық сұрақ қойып, оны өздігінен шешім табуға бағыттауы мүмкін. Мұндай жағдайда оқушы дайын жауапты алмайды, мәселені зерттеп, дәлел келтіріп, қорытынды жасайды.Бұл – қарапайым әдістемелік өзгеріс болып көрінгенімен, оның артында маңызды педагогикалық идея жатыр. Ол – «оқушыны білімнің дайын тұтынушысы емес, білімді өздігінен құрастырушы тұлға ретінде қалыптастыру». Білім сапасы тек бақылау жұмысындағы жоғары ұпаймен анықталмайды. Білім сапасының маңызды көрсеткіші – оқушының білімін жаңа жағдайда қолдана алуы. Сондықтан қазіргі сабақта білімді есте сақтау, түсіну, қолдану, талдау, бағалау және шығармашылықпен пайдалану сияқты дағдылардың біртұтас дамуы маңызды.

Мұғалім – педагогикалық идеяның негізгі авторы

Білім сапасын арттырудың басты тұлғасы – мұғалім. Заманауи технологиялар, цифрлық платформалар, оқулықтар мен түрлі ресурстар қаншалықты көп болғанымен, олардың барлығын тиімді ұйымдастырып, оқу мақсатына сәйкес пайдалана алатын тұлға – педагог.

Мұғалімнің кәсіби дамуы оның сабақ беру тәсілінен көрінеді. Қазіргі мұғалім үйретуші, бағыттаушы, кеңесші және зерттеуші рөлдеріне ие болуы қажет.

Бұрын сабақта мұғалім көп сөйлеп, оқушы тыңдаушы рөлінде болса, қазіргі сабақта оқушының белсенділігіне басымдық беріледі.Мысалы, қазақ тілі мен әдебиеті сабағында мұғалім шығарманың мазмұнын толық түсіндіріп берудің орнына оқушыларға зерттеу сұрақтарын ұсына алады: «Кейіпкердің әрекеті дұрыс па?», «Автор осы образ арқылы қандай мәселені көтерді?», «Шығармадағы құндылық бүгінгі қоғам үшін маңызды ма?». Мұндай сұрақтар оқушыны ойлануға жетелейді. Сондықтан педагогикалық идеяның басты өлшемі – мұғалімнің қанша әдіс білетіні емес, сол әдістерді нақты оқу мақсатына қаншалықты орынды қолдана алатыны.

Оқушығабағытталғаноқыту– білім сапасының маңызды шарты

Қазіргі білім беру жүйесінде оқушының жеке ерекшелігін ескеру ерекше маңызға ие.Бір сыныпта білім деңгейі, қызығушылығы, қабылдау жылдамдығы әртүрлі оқушылар отырады. Сондықтан барлығына бірдей тапсырма беру кей жағдайда күтілетін нәтижеге жеткізбейді. Осыған байланысты саралап оқыту тиімді құралдардың бірі болып табылады.

Саралау барысында тапсырмалар оқушылардың қабілетіне қарай күрделендіріледі.

А деңгейі: мәтіннен қажетті ақпаратты табу.

В деңгейі: ақпаратты талдау және салыстыру.

С деңгейі: өз пікірін дәлелдеп, шығармашылық тапсырма орындау.

Мұндай жүйе оқушының өз мүмкіндігіне сәйкес жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар қалыптастырушы бағалаудың маңызы зор. Бағалау оқушыға тек баға қою құралы емес, оның келесі қадамын анықтайтын кері байланыс болуы керек. Мысалы, «Жақсы» деген жалпы пікірдің орнына: «Мәтіннің негізгі идеясын дұрыс анықтадың. Келесі тапсырмада өз ойыңды мәтіннен алынған дәлелмен толықтыр» деген кері байланыс оқушыға нақты бағыт береді. Осылайша педагогикалық идея оқушының қателігін жазалау емес, қателіктен сабақ алуына мүмкіндік жасау қағидасына негізделуі қажет.

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарындағы педагогикалық идеялар

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқушының тілдік сауаттылығын ғана емес, ұлттық дүниетанымын, рухани құндылығын, эстетикалық талғамын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл пәндерді оқытуда педагогикалық идеяның маңызы ерекше. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағындағы негізгі педагогикалық идеялардың бірі – «мәтін арқылы тұлға қалыптастыру». Әдеби шығарманы оқытуда тек мазмұнын айтқызу жеткіліксіз. Оқушы шығармадағы идеяны, құндылықты, кейіпкер әрекетін қазіргі өмірмен байланыстыра білуі керек.

Мысалы, Шалкиіз жыраудың толғауларын оқыту барысында оқушыларға: қандай рухани құндылықтар көрініс тапқан? Жырау адамды қандай қасиеттерге шақырады? Елдік пен ерлік ұғымдары қалай берілген? Шығармадағы ой бүгінгі қоғам үшін қаншалықты маңызды? деген сұрақтар қойылады. Бұл тапсырмалар әдеби мәтінді өмірмен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Ахмет Ясауи шығармаларын оқыту кезінде де осындай бағыт ұстануға болады. Оқушылар хикметтердегі адамгершілік, имандылық, адалдық, қанағат, ізгілік құндылықтарын анықтап, оларды қазіргі адам өмірімен байланыстырады.

Ал шығармаға POPS формуласы арқылы жауап беру оқушының өз ойын жүйелі жеткізуіне ықпал етеді:

Менің ойымша...

Себебі мен оны былай түсіндіремін...

Мен оны мынадай мысалдармен дәлелдей аламын...

Осыған байланысты мен мынадай қорытындыға келдім... Бұл әдіс оқушыны дәлелді сөйлеуге үйретеді.

Оқу сауаттылығы – білім сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі

Қазіргі білім беру жүйесінде оқу сауаттылығын дамыту ерекше маңызға ие.

Оқу сауаттылығы – мәтінді жай оқып шығу емес, оның мазмұнын түсіну, негізгі ақпаратты анықтау, ақпаратты талдау, қорытынды жасау және оны өмірлік жағдаятта қолдана білу. Оқу сауаттылығын дамыту үшін сабақта әртүрлі мәтіндермен жұмыс жүргізу қажет. Оқушыға мәтін ұсынылып, мәтіннің негізгі ойын анықтау, маңызды ақпараттарды белгілеу, автордың көзқарасын анықтау, мәтіндегі ақпараттарды салыстыру, өз пікірін білдіру, мәтін мазмұны бойынша қорытынды жасау тапсырмалары беріледі. Мұндай жұмыстар оқушының функционалдық сауаттылығын арттырады. Әсіресе ақпарат көлемі көбейген қазіргі заманда оқушының жалған ақпарат пен нақты ақпаратты ажырата білуі, қажетті ақпаратты іріктеуі өте маңызды. Демек, педагогикалық идеяның бірі – «әр сабақта оқушыны ақпаратпен жұмыс істеуге үйрету» болуы мүмкін.

Шығармашылық тапсырмалар – оқушының қабілетін ашудың жолы

Оқушының білім сапасын арттыруда шығармашылық тапсырмалардың орны ерекше. Шығармашылық тапсырма оқушыға өз ойын еркін жеткізуге, стандартты емес шешім табуға мүмкіндік береді. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында эссе жазу, хат жазу, кейіпкерге мінездеме беру, кейіпкер атынан монолог жазу, комикс құрастыру, постер қорғау, бейнеролик дайындау, RAFT әдісі, ассоциаограмма, пікірталас, рөлдік ойын, жоба қорғау сияқты жұмыстарды қолдануға болады. Мысалы, шығарма кейіпкеріне хат жазу барысында оқушы кейіпкердің әрекетін бағалайды, өз көзқарасын білдіреді және әдеби мәтінмен эмоционалдық байланыс орнатады. Ал комикс құрастыру оқушыдан мәтін мазмұнын қысқаша жинақтап, негізгі оқиғаларды іріктеуді талап етеді. Демек, шығармашылық тапсырма – жай ғана қызықты жұмыс емес, ол оқушының ойлау, талдау, жинақтау және шығармашылықпен ұсыну дағдыларын қалыптастыратын тиімді құрал.

Цифрлық технология және жасанды интеллект: мүмкіндік пен жауапкершілік

Қазіргі білім беру саласында цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Интерактивті тақта, цифрлық платформалар, онлайн тапсырмалар, мультимедиалық ресурстар сабақтың мазмұнын байытуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары білім беру саласына жасанды интеллект құралдары да белсенді еніп келеді. Жасанды интеллектіні сабақта дұрыс пайдалану арқылы мұғалім тапсырманың бірнеше нұсқасын дайындай алады, мәтінді деңгейге қарай бейімдей алады, шығармашылық идеялар жинақтай алады, оқушының өзіндік жұмысын ұйымдастыра алады, визуалды материалдар дайындай алады және кері байланыс түрлерін ұсына алады. Алайда жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес. Ол – педагогтің кәсіби жұмысын жеңілдететін көмекші құрал. Мұнда маңызды қағида бар: «ЖИ – дайын жауаптың көзі емес, ойлануға көмектесетін құрал болуы керек». Мысалы, оқушыға дайын эссе жаздырып қою оның шығармашылық қабілетін дамытпайды. Оның орнына ЖИ көмегімен тақырыпқа қатысты идеялар жинақтап, жоспар құрып, кейін оқушы өз ойын өзі жазғаны тиімді. Бұл жерде академиялық адалдық мәселесі де маңызды. Сондықтан заманауи педагогикалық идеялардың бірі – цифрлық құралдарды мақсат емес, білім сапасын арттыратын педагогикалық ресурс ретінде пайдалану.

LESSONSTUDY және мұғалімнің зерттеушілік мәдениеті

Білім сапасын арттыру үшін мұғалімнің өзі де зерттеуші болуы қажет.

Осы бағытта LessonStudy тәсілінің тиімділігі жоғары. LessonStudy барысында мұғалімдер бірлесіп сабақ жоспарлап, сабақтың өту барысын бақылап, оқушылардың оқу әрекетін талдайды және келесі сабаққа өзгерістер енгізеді.

Мұнда негізгі назар мұғалімге емес, оқушының оқуына аударылады. Мысалы, А, В, С деңгейіндегі үш оқушы таңдалып, олардың сабақтағы белсенділігі, тапсырманы орындауы, қиындықтары бақыланады. Сабақ соңында қай тапсырма тиімді болды? Қай оқушыға қандай қолдау қажет? Қандай әдіс күтілетін нәтижеге жеткізді? Оқушының оқуына не кедергі болды? деген сұрақтарға жауап ізделеді.

Бұл үдеріс мұғалімнің кәсіби рефлексиясын дамытады.

LessonStudy-дің құндылығы – мұғалімнің «Мен сабақты жақсы өткіздім бе?» деген сұрағынан гөрі, «Оқушы бүгін не үйренді?» деген сұраққа жауап іздеуінде.

Педагогикалық идеяны тәжірибеге енгізудің тиімді жолдары

Кез келген педагогикалық идея нақты нәтижеге бағытталуы керек. Оны тәжірибеге енгізу барысында бірнеше кезеңді ұстануға болады.

Бірінші кезең – мәселені анықтау. Мұғалім алдымен оқушылардың қандай қиындыққа тап болып жүргенін анықтайды. Мысалы: оқу жылдамдығы төмен; мәтінді түсіну қиын; өз ойын дәлелдей алмайды; жазба жұмыста қателер көп; сабаққа белсенді қатыспайды.

Екінші кезең – идея ұсыну. Анықталған мәселені шешуге бағытталған педагогикалық идея қалыптастырылады. Мысалы: «Оқу сауаттылығын мәтінмен жүйелі жұмыс арқылы дамыту».

Үшінші кезең – әдіс таңдау. Идеяға сәйкес әдіс-тәсілдер таңдалады: INSERT, «Ойлан – жұптас – бөліс», POPS, RAFT, «Бес сұрақ», кластер, ассоциаограмма, пікірталас, шығармашылық жазылым.

Төртінші кезең – тәжірибеге енгізу.Таңдалған әдістер бірнеше сабақта жүйелі түрде қолданылады.

Бесінші кезең – нәтижені бақылау. Оқушының бастапқы және кейінгі нәтижелері салыстырылады.

Алтыншы кезең – рефлексия. Мұғалім: «Не өзгерді? Не тиімді болды? Қандай қиындық кездесті? Келесі қадам қандай?» деген сұрақтарға жауап береді.

Осылайша педагогикалық идея жүйелі түрде дамып, мұғалімнің жеке

тәжірибесіне айналады.

Ұлттық құндылық – сапалы білімнің рухани негізі

Білім сапасы тек академиялық жетістікпен өлшенбеуі керек. Білім алған тұлға ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, елін сүйетін, жауапкершілігі жоғары азамат болуы қажет.

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарының бұл бағыттағы мүмкіндігі өте мол.

Әдеби шығармалар арқылы оқушылар отансүйгіштік, адамгершілік, адалдық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, еңбекқорлық, бірлік, достық, елдік және рухани тазалық сияқты құндылықтарды меңгереді. Мысалы, батырлар жырын оқытуда тек батырдың ерлігін айтумен шектелмей, «Бүгінгі қоғамдағы ел қорғау дегенді қалай түсінесің?» деген сұрақ қоюға болады. Осы арқылы тарихи мәтін мен қазіргі өмір арасында байланыс орнайды. Демек, педагогикалық идея білім мен тәрбиені бөліп қарамай, оларды біртұтас үдеріс ретінде ұйымдастыруға бағытталуы қажет.

Білім сапасын арттырудағы мұғалімнің рефлексиясы

Кәсіби даму – бір рет қол жеткізетін нәтиже емес, үздіксіз үдеріс. Мұғалім әр сабақтан кейін өз жұмысына талдау жасауы керек.

Өзіндік рефлексия үшін мына сұрақтар тиімді:

1. Сабақ мақсатына қол жеткізілді ме?

2. Оқушылардың қай тапсырманы орындауда белсенділігі жоғары болды?

3. Қай тапсырма қиындық туғызды?

4. Қандай оқушыға қосымша қолдау қажет?

5. Қолданылған әдіс оқу мақсатына сәйкес болды ма?

6. Келесі сабақта нені өзгертемін?

Осы сұрақтар мұғалімнің кәсіби өсуіне ықпал етеді.

Нағыз педагог өзінің тәжірибесін дайын қалып ретінде қабылдамайды. Ол үнемі ізденеді, байқап көреді, қателеседі, қайта жоспарлайды және жетілдіреді.

Сондықтан мұғалімнің кәсіби ұстанымы: «Мен бәрін білемін» емес, «Мен үнемі үйренемін» деген қағидаға негізделуі қажет.

Қорыта айтқанда, педагогикалық идея – мұғалімнің шығармашылық ізденісінің нәтижесі әрі білім сапасын арттырудың маңызды тетігі. Оның басты құндылығы – оқушыға бағытталуында. Тиімді педагогикалық идея оқушының қызығушылығын арттырып, сыни және шығармашылық ойлауын дамытады, функционалдық сауаттылығын қалыптастырады және білімді өмірмен байланыстыруға мүмкіндік береді. Білім сапасын арттыру үшін мұғалім үнемі ізденіп, өз тәжірибесіне жаңашылдық енгізуі қажет. Педагогикалық идея міндетті түрде күрделі болуы шарт емес: дұрыс қойылған сұрақ, сапалы кері байланыс немесе шығармашылық тапсырманың өзі оқушы жетістігіне әсер етеді. Сондықтан педагогикалық идея ізденістен туып, тәжірибе арқылы нәтижеге жеткізетін күш. Ал шығармашыл, ізденімпаз мұғалім білім сапасын арттырудың басты қозғаушысы.

Педагогтерге арналған ұсыныстар

1. Әр оқу жылында жеке педагогикалық идея немесе кәсіби даму бағытын анықтау.

2. Сабақта оқушының белсенді әрекетіне басымдық беру.

3. Тапсырмаларды оқу мақсатына сәйкес саралау.

4. Оқу және функционалдық сауаттылықты әр пәнде жүйелі дамыту.

5. Қалыптастырушы бағалауды нақты кері байланыспен ұштастыру.

6. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын мақсатты пайдалану.

7. Оқушының шығармашылық және зерттеушілік қабілетін дамытуға мүмкіндік беру.

8. LessonStudy, тәжірибе алмасу, өзара сабаққа қатысу арқылы кәсіби дамуды жалғастыру.

9. Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сабақ мазмұнымен байланыстыру.

10. Әр сабақтан кейін кәсіби рефлексия жасап отыру.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының білім беру саласына қатысты нормативтік-құқықтық құжаттары.

2. Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты.

3. Жалпы білім беретін мектептерге арналған оқу бағдарламалары.

4. Оқытудағы заманауи педагогикалық технологиялар мен әдістемелік құралдар.

5. Педагогтердің кәсіби дамуына арналған әдістемелік материалдар.

6. Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесіне арналған ғылыми-әдістемелік еңбектер.

ЖАНАЕВА КУРАЛАЙ БАКИТЖАНОВНА

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші

«Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК

Астана қаласы, kuralaizhanaeva@mail.ru

  • Соңғы жаңалықтар
  • Жаңалықтар тізбесі
Видеофакт

10 қызықты HI-TECH жаңалықтар

11:42, 03.04.2025
10 қызықты HI-TECH жаңалықтар
«
Қазан 2026
»
  • Дс
  • Сс
  • Ср
  • Бс
  • Жм
  • Сб
  • Жс
  •  
  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5
  • 6
  • 7
  • 8
  • 9
  • 10
  • 11
  • 12
  • 13
  • 14
  • 15
  • 16
  • 17
  • 18
  • 19
  • 20
  • 21
  • 22
  • 23
  • 24
  • 25
  • 26
  • 27
  • 28
  • 29
  • 30
  • 31
  •