РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ МАТЕРИАЛДАРЫ 2026 жылғы 10 қазанда «Ұлы дала ұстазы» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналы мен «Педагогикалық даму» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Білім берудегі жаңа трендтер: педаго
Жазушы Айзат Рақыш туындысынддағы ұлттық-отбасылық құндылықтар көрінісі
Балалар әдебиетіне қалам тербеу қаламгердің аса жауапкершілігін талап ететін киелі шығармашылық үрдіс. Шығармасын ұсынған қаламгер бала оқырмандардың жас ерекшеліктерін, олардың дүниетанымын, қызығушылықтарын, арман-тілектерін толық ескеруі шарт. Сонда бала оқырмандар арасында кеңінен танымал «Менің атым – Қожа» тәрізді өлмес туынды өмірге келер еді. Енді балалар әдебиеті деп аталатын арнайы салаға тоқталайық. Әдебиеттану ғылымында дербес сала ретінде бой көтерген балалар әдебиеті ғылыми термин ретінде өзіне мынадай анықтаманы лайықтайды: «балалар әдебиеті – балаларға арналып жазылған әдеби шығармалар. Сондай-ақ, арнайы балаларға арналып жазылмағанымен олардың ойлау, түсіну қабілетіне, талғамына, арман-қиялына әсер етіп, өзіне балаларды тартатын көркем шығармаларды да балалар әдебиеті қатарына жатқызуға болады.» [1] Бұл ғылыми анықтамадан балалар әдебиетіне қойылатын басты талаптар айқын аңғарылып тұр. Қазақ балалар әдебиетінің негізін Ыбырай Алтынсарин қалап, кейін кеңестік дәуірде көптеген көрнекті жазушылар жалғастырды. Ал Тәуелсіздіктен кейінгі ұлт әдебиетінде балалар әдебиетінің жас өкілдері бала оқырмандарына жаңаша тақырып, өзгеше мазмұн сыйлауға тырысып, түрлі жанрларда (фэнтези, фантастика, реалиситк проза) қалам тербеп, тәжірибе жасап жүр. Ал жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айзат Рақыш балалар әдебиетіне өзінің көлемді хикаяттарымен келді, әрі жанрлық түрленім жасау үшін тәжірибеге барған жоқ. Қаламгер әр жылдары бала оқырмандарына арнап, «Ақ арман алдамайды», «Балалықтың соңғы күзі», «Ауылға қайтар жол ашық», «Қиялым, самға, шарықта!» деп аталатын көркем туындыларын жариялады. Мақалада қаламгер Айзат Рақыштың бір ғана «Қиялым, самға, шарықта!» атты хикаятын талдайтын боламын.
Жалпы, жазушы Айзат Рақыш-өзінің алғашқы жинағымен-ақ оқырмандар қауымын, аға буын қаламгерлерді елең еткізген дарын иесі. Оның 2015 жылы жарық көрген «Өлгендер қайтып келеді» жинағына сыни мақала жазған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерияздан Елеукенов өз мақаласында мынадай пікір білдіреді: «Қуанарлық жайт сол – А.Рақыш әдебиет әлеміне өз даусымен, тың образ, ой стилімен, әлі ауызға түсе қоймаған оралымдар, айшықтарымен келген мәдениетті жас таланттардың қатарына жатады дер едім.» [2] Белгілі әдебиеттанушы, профессор Ш.Елеукенов А.Рақыш прозасының басты ерекшелігі өз даусы, тың образдар жүйесі, ой стилінде екенін баса жазған. Осылайша ұлт әдебиетіне 2015 жылы «Өлгендер қайтып келеді» деген прозалық жинағымен келген қаламгер бүгінде он кітаптың авторы болып танылды.
Ардақты аға буын өкілінен оң баға алған А.Рақыш бүгінде балалар әдебиетіне жыл сайын өзіндік үлес қосып, қазақ балаларын қуантумен келеді. Иә, А.Рақыш – қазақтың жазушысы, өйткені ол әрбір шығармасында дерлік ұлттық құндылықтарды астарлы түрде насихаттап, кейіпкерлер әлемін, олардың амалын, тілін ұлттық дүниетаным шеңберінде туғызады. Енді ұлттық құндылық пен ұлттық дүниетаным ұғымдарына тоқталайық. Құндылық – философиялық ұғым, оның ғылыми анықтамасы мынадай: «құндылық-танымның, белгілі бір обьектінің адам үшін, топ үшін, қоғам үшін қасиетті деп танылуы.» [3] Аясы кең құндылық терминіне ұлттық сөзін тіркегенде, белгілі бір ұлт үшін қасиетті деп табылатын ұғым-түсініктер шоғыры пайда болады. А.Рақыштың хикаятынан ұлттық құндылықтар көрінісін талдайтын боламын. Ұлттық құндылықтар қазақ үшін қастерлі, қазақ қоғамы үшін әрқашан аяулы, атадан балаға рухани мирас болып келе жатқан желісі бір үзілмейтін жасампаз, киелі концепция. Қаламгер «Қиялым, самға, шарықта!» хикаятында бала оқырмандарына тарту етіп, көңілдеріне тұмар етіп таққан ұлттық құндылықтар легін анықтайын. Ұлттық құндылықтар көшін туған тілге тағзым етуден бастау керектігі туралы зерттеу жүргізген А.Нүсіпоқасұлы мен Ә. Жапарұлы «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» деп аталатын көлемді еңбегінде былай деп жазады: «Қазақ халқы «Өнер алды – қызыл тіл» деп тілді барша өнерден жоғары қойып, ол бір ұлттың құрып-жоғалуы мен көркейіп-гүлденуіне қатысты өлшейді.» [4] Зерттеушілер қазақтың бүкіл салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы тілді қастер тұтудан, тіл қасиетіне жүгінуден басталатынын айқын зерделеп, дәлелді тұжырым ұсынып отыр. Дәл осы кесек тұжырым негізінде А. Рақыштың хикаятынан тілді кие тұту құндылығын іздеп таптым. Хикаят оқиғасы сынып бөлмесінде басталады. Ұстаз табиғатқа қарап, әдеби, бейнелі сөз айтуға тапсырма береді. Сөз құдіретін түсіну, сөзді қадірлеу, орынды сөзді бағалау тәрізді ұлттық құндылық осы тұста көрініс береді. Басты кейіпкер Әлидің сөз өнеріне жақын екендігі осы алғашқы беттен-ақ байқалады. Хикаяттан үзінді: «Жер-ана жотасында жыбырлаған адамдардан жалықты ма, кеше бір сілкінді. Күн-ана үйге қонақтар келсе, маған деген ашуын ішіне сақтап, күлімдеп отыратын менің анам сияқты. Анау бір өркеш бұлт адасып кеткен ботаға ұқсайды.» [5] Бейнелеп сөйлеген Әлидің бұл әрекеті достарына күлкілі көрінеді, ал қарт ұстазға мысқыл тәрізді әсер етеді. Кейін дәл осы «әр құбылысты сипаттап сөйлесем ғой» деген ойы оның бойындағы шығармашыл қабілетін ашады. Хикаятта ұлттық құндылықтардың көш басы – туған тілге құрмет, әдемі, көркем сөз саптау мәдениеті жүйелі айшықталған.
Келесі ұлттық құндылық көрінісі отбасылық қасиеттен нәр алады. Қазақ ұғымында «әке – балаға сыншы.» Бұл құндылық түрі де хикаятта сенімді бейнеленген. Үзінді келтірейін: «Кейде бір әкемнің жанында жүріп, көлік жөндеуге жәрдемдесіп, не аула сыпырып, түздің жұмыстарын тындырғанда, ақылын айтушы еді. Сонда бір санама сіңіп кеткен мына сөз болды: «Ешқашан ешкімді басындырма! Ешкімге намысыңды таптатпа!» Әке ақылы қазақтың «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген мақалымен мазмұндас келіп тұр. Туындыда әке тәрбиесі қазақы ұғымнан бастау алады. Ұлттық тамырдан негізі қаланады.
Келесі бір ұлттық құндылық ұғымы ана мен бала арасындағы сенімнен басталады. Қазақы отбасында бала ананың айтқан сөзіне күмән келтіріп, оның аражігін ажыратып, сенімсіздік танытуы анаға көрсетілген құрметсіздікпен тең саналады. Хикаятта Әли кейіпкер сұрағына жауап берген анасының сөзіне титтей де күмән тудырмайды, оның ақиқатына риясыз сенеді. Кейіпкердің «Әрине, апама сенім артқаным абзал!» деген бір ауыз сөзі осы анаға сеніммен, құрметпен қарау деп аталатын ұлттық-отбасылық құндылық ұғымын аялайды.
Зерттелініп отырған шығармада отбасылық қарым-қатынас бала кейіпкер Әлидің қиялында былай суреттеледі: «Өзімнен кіші мені «аға» дейтін, өмірге тірек-жаға дейтін, бір құлыншағы бар киелі мекен – жанұя!» Отбасында жалғыз өсіп келе жатқан он жасар Әли аға болуды бар жанымен армандайды. Бұл ретте хикаятта бейнеленген отбасылық қарым-қатынас құндылығы халқымыздың «Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар» деген мақалымен мазмұндас сипат алады. Сонымен бірге, қазақ халқының «Үш ұлы бардың – құйрығы бар, жалы бар, екі ұлы бардың – құйрығы жоқ, жалы бар, бір ұлы бардың – шығар-шықпас жаны бар» деген мақалы Әли кейіпкердің зәулім үйде жалғыз бала болып өсуінен көңілінің кемуін шынайы жеткізеді. Автор ұлттық құндылықтар ұғымын қазақтың мақал-мәтелдерімен сабақтастыра сипаттайды.
Қазақ халқы үшін аса қасиетті саналатын тағы бір құндылық түрі – амандасу салты. Шығармада амандасу жайы былай суреттеледі. «Үлкендер жағы бір-бірімен амандасып болғанда, апамның айтуымен алдымен атама, сосын әжеме сәлем бердім.» Немере ата-әжесіне осылайша қазақы әдеп бойынша құрмет көрсетеді. «Сәлем – сөздің анасы» деген халқымыз амандық-саулық сұрасудың заңын жазбаса да, ғасырлардан келе жатқан игі дәстүрге айналдырғаны белгілі. Бала Әли анасының ақылымен бірінші атасына, сосын әжесіне сәлем беруі сол ұлттық құндылықтардың бүгінгі қоғамда да барынша өмір сүріп жатқанын дәлелдей алады.
Туынды оқиғасы ауылға ойысқан кезде, автор ұлттық құндылықтардың легін толассыз суреттеген. Көршілердің туыстай, бауырдай болып араласуы Әлидің ата-әжесінің үйіне келген сәтінде шынайы суреттелген. Хикаяттан үзінді келтірейін: «Құдайы көршілігімізді қуанышта көрсетпесек, іргеміздің бүтіндігі қайсы?» - арық сарының айтқаны кітаптың сөздеріне ұқсайды екен.» Кейіпкер Әли атасының көршісінің бипаздап айтқан сөзіне және ыстық ықыласына таңданып отырады. Қазақ салтында көршісін құдайы көрші деп атап, онымен бауырмалдылықта тонның ішкі бауындай араласу салты әлі күнге дейін сақталған. Туындыда құдайы көрші ұғымы өте жүйелі берілген. Көршілер алыс қаладан келген Әлидің ата-анасын қонаққа шақырып, ілтипаттарын білдіреді. Бұл ретте шығарма бала оқырмандарына да, ересек оқырмандарға да ұлттық құндылықтың қасиетін-құдайы көршімен туғанындай сыйласу салтын дәріптейді.
Жазушы кейіпкерлердің диалогтарында да ұлттық құндылықтардың көрінісін сипаттап, оқырманға терең насихат етіп отырады. Кезекті үзінді сөйлесін:
-Күнде ет жей-жеп, қасқыр болып кетпесек.
-Еттен несіне қорқасың? Қазақ атам онсыз да көк бөріден тараған емес пе?
Қаладан келген Әлидің әкесінің әзілі мен ауылдағы қонақжай көршісі Беріктің арасындағы қысқа диалогтан оқырман қазақ халқының биік рухын көк бөріден бастау алатынын әйгілейді. Қазақ халқы үшін көк бөрі – күш пен еркіндіктің, батырлық пен адалдықтың символы. Халқымыздың көк бөріден тарағаны жайлы терең түсінік қазақы асқақ рух пен ұлттық бірегейлікті айғақтайтын мәдени құндылық. Бұл шымыр диалогта ұлттық құндылыққа тәрбиелеу мақсаты, патриоттық үлгі-өнеге қарапайым өмірде де жүруі керектігі жайлы кесек ой жатыр.
Қазақы отбасылық құндылықтардың қатарына ұлды бөлек, қызды астарлап атау ұғымы жатады. Қазақ салтында қыз бала дүниеге келгенде, кесте тігер деп сүйіншілеген. Ал ұл бала жарық жүнипе есігін ашқанда, «ат ұстар туды» деп қуанған. Атқа, жылқы баласына ерекше құмарлық танытқан немересін тайға мінгізген атасының мына сөзі балаға ой салады: «Ұлды ат ұстар деп қазақ атам қалай айтқан?» Атұстар ұғымы тек азаматтың атқа мініп, шабандоз болуын білдірмейді. Тұлпар мініп, ел қорғау тәрізді тым тұңғиық мағынаға бойлайды. Сондықтан ауыл қариясының қаладан келген немересіне қазақтың атұстар ұғымын дәріптеуі шығарманың ұлттық құндылығын арттыра түскен. Атұстар ұғымы әулеттің жалғасы, үйдің тірегі, мал-мүліктің иесі деген отбасылық мағынаны да білдіреді, сондықтан атасының кішкентай немересіне атұстар түсінігін дарытуы сюжеттік тұрғыдан да, құндылықтық сипаттан да өте орынды болып табылады. Әулетінің «жазылмаған заңын», ұлттық құндылықтарды санасына сіңіріп өскен бала кейін жат болып, саяқ кетуден аулақ болатыны кәміл.
Туындыда әдеп-ғұрыптар да оқиға орайында сәтті ұсынылған. Әлидің тұңғыш ертегісі газетке жарияланғанда, қатты қуанған әжесі атасынан сүйінші сұрайды. Кейіпкерлер диалогын келтірейін:
-Сүйінші, атасы. Сүіншіме не бересің?
-Қалағаныңды ал!
Қуанышты хабарды сүйінші деп бөліскен отбасы бір-бірін құттықтап, үлкен дастарқан жаяды. Сүйінші сұрау –қазақтың ғажайып салты. Ол қуаныштан хабар береді. Әрі сүйінші сұраған адамның меселін ешқашан қайтармаған. Қуанышыты жаңалықты елден бірінші жеткізген адамға «қалағаныңды ал!» деп сый-сыяпат ұсынған. Бұл тәрбиелік мәні зор салттың қазіргі қазақ қоғамында да бар екені белгілі. Автор сүйінші сұрау салтын Әли кейіпкердің шығармашылыққа алғаш қадам басқан кезінде кірістіруінің астарында оқырмандарын ұлттық құндылыққа баулу мақсаты жатқаны айқын.
Жазушы өз шығармасында келін мен ененің сыйластығын да нанымды бере білген. Ене «қызым» деп сөйлейді, келін «апа» деп бәйек болады. Отбасындағы мұндай сыйластық көріністері бала оқырмандарды оңынан тәрбиелеп, әулеттің шырқы ішкі сыйластық пен өзара құрметте екенін ұғындыра түседі. Балаларға арналып жазылған шығармаларда отбасылық құндылықтардың кеңінен насихатталуы бүлдіршін оқырмандар үшін өте өзекті екені даусыз. Үлкенді сыйлау, қас-қабағына қарау тәрізді атадан келе жатқан отбасылық салттарды кішкентай оқырмандар осындай туындылар арқылы саналарына сіңіре алады. Мен бұл мақалада «шығарма не туралы?» деген жалаң сұрақпен талдау жасамадым. Мен «Шығармадан не үйрене аламыз? Бала оқырмандарға берері қандай?» деген оймен сараптадым. Талдау, сараптау жұмыстарым жүйелі болғандықтан, берген жемісі мынадай болды:
Біріншіден, шығарма тұтастай ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, олардың астарындағы ұлттық тәрбиені насихаттауға құрылған. Бұл қасиетіне қарап, туындының тәрбиелік мәні жоғары екенін мойындау керек. Ұлттық құндылықтар дүниесін бір шоғыр етіп ұсынуы арқылы аталған хикаят терең тәрбиелік мәнге ие болып отыр.
Екіншіден, ұлттық құндылықтардың көш басы ретінде тілдің киесін білу, сөз қадірін түсіну, тіл қасиетін бағалау ұғымы берілген. Бұл ұлттық құндылық түрі шығарманың басты өзегі, алтын діңі болып табылады. Бейнелі, әдепті, көркем сөз саптау өнеріне талпынған бас кейіпкер Әли шығарманың соңында ертекші болып шығады. Бұл орайда хикаят тілді қастерлеу құндылығы арқылы оқырмандарын сөз өнеріне баулып отыр.
Үшіншіден, хикаятта ұлттың шығу төркініне қатысты көк бөріден тарағанымыз жайлы қасиетті ұғым берілген. Қазақ халқының көк бөріден тараған тектілігі туралы ұғым қалыптастыра отырып, бала оқырмандарына танымдық, тәрбиелік өсу мүмкіндігін сыйлайды.
Төртіншіден, қазақы салт – сүйінші сұрау, үлкендердің балаларға төл атауы тәрізді дәстүрлер оқиғалардың дамуында ұтымды берілген. Бала оқырмандар ұлттық салттардан хабардар бола отырып, оның астарындағы құндылықтарды бағамдау бақытына қол жеткізеді.
Бесіншіден, шығармада қазақы түсінікке ғана тән «құдайы көрші» ұғымы құндылықтық тұрғыдан тиімді баяндалған. Жай ғана көрші деп атай салмай, ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, құдайы көрші деңгейінде сипаттау ұсыну кезінде хикаяттың ұлттық құндылықтық тұрғыдан маңызы еселене түсті.
Жазушы А. Рақыш әке мен баланың, перзент пен ананың, келін мен ененің, келін мен атаның шынайы сыйластығын оқиғалар арқылы, кейіпкерлер тілінде, олардың әрекеттері аясында сенімді баяндалған. Жазушының ұтқан жері – ұлттық құндылықтарды паш ету кезінде жалаң ұран сөздерге бармайды, сол салтты, ұлттық түсінікті орындалу сәтін, оқиғасын ұсынумен бала оқырмандардың көз алдына сенімді сурет ұялата алған.
Айзат Рақыштың «Қиялым, самға, шарықта!» хикаяты бала оқырмандарына терең ұлттық құндылықтар шоғырын сыйлайтын сыбағалы туынды. Шығарманың құндылығы ұлттық ұғым – түсініктерді молынан насихаттай алуында болып отыр. Бүгінгі жас оқырмандарға ұлттық тәрбие сіңіруге қызмет етуге қауқарлы аталмыш шығарманы 5-7-сынып оқушыларына оқуға ұсынуға әбден лайықты. Шығармадағы ұлттық құндылықтар жүйесін айқындадым, олардың балаң оқырмандарға берер берекесін де таразыладым. Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің қоржынына қосылған А. Рақыштың «Қиялым, самға, шарықта!» хикаяты-ұлттық табиғаты толымды туынды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Нысанбаев Ә. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, Алматы, «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, ІІ том, 1998 ж. 104-бет
2. Елеукенов Ш. Айзат айшықтары, Қазақ әдебиеті газеті, №41-42, 21-27 қазан, 2016 ж.
3. Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі, Алматы, Сөздік-Словарь, 2007 ж. 259-бет
4.Нүсіпоқасұлы А., Жапарұлы Ә. Ағаш бесіктен жер бесікке дейін, Алматы, Өнер, 2011 ж. 3-бет
5. Теплякова М., Байгенжина С. Таза бұлақ, Қостанай, Ыбырай Алтынсарин ат. ОБЖҚ, 2025 ж. 187-бет
Касайнова Алтын Сериковна
Алматы қаласы №156 жалпы білім беретін мектеп
Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі




















