Блумның когнитивтік, аффективтік, психомоторлық саласы арқылы мәтінді талдап оқу
2026 жылғы 10 қазанда «Ұлы дала ұстазы» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналы мен «Педагогикалық даму» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Білім берудегі жаңа трендтер: педагогикалық идеялар мен дағдылар, үздік тәжірибелер» атты республикалық тәжірибе алмасу онлайн-конференциясында баяндама жасап, өзінің педагогикалық тәжірибесімен бөлісті.
Сатымбаева Лайла Умурзаковна
Алматы қаласы
Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияның
бастауыш сынып мұғалімі
Бастауыш сыныпта әдебиеттік оқу пәнінен оқушылардың мәтінге терең қызығушылық білдіріп, өз ойларын жүйелі әрі белсенді түрде ортаға салып, қызу талқылау жасап оқуы сирек кездеседі. Қазірде оқушылар көп сөйлеуге, өз ойын айтуға құлықсыз және өз жауаптарын қысқаша жеткізе салуға құмар.
Ал енді сапалы оқуда мазмұнды әрі қызықты пікірталастың ең маңызды бөлігі-талқылау сұрақтарын сапалы құрастыру. Осы орайда Блумның түрлі салаларын пайдалану тәсілі дұрыс әрі нәтижелі болмақ.
Алдымен, аффективтік деген сөзді түсініп алсақ, бұл-адамның сезімі, эмоциясы, көңіл-күйі, қызығушылығы, көзқарасы, яғни оқушы бір нәрсені біліп қана қоймай, оған белгілі бір сезіммен, қызығушылықпен, көзқараспен қарауы. Егер оқушы табиғатты қорғау тақырыбында мәтінді оқып, «Мен табиғатты қалай қорғауға болатынын білемін» десе, ол-Блумның когнитивтік саласы, ал «Табиғатты қорғау мен үшін маңызды, мен табиғатты қорғағым келеді» деген ой түйсе-аффективтік сала, ал «Мен қоқысты сұрыптап, тәжірибе жүзінде жасап көрсетемін» деп, жасап берсе, ол психомоторлық саласы болмақ. Блумның аффективтік саласы-оқушының бойына білім қалыптастырумен қатар, оның жүрегіне сол білімге деген қатынас пен құндылық қалыптастыруы.
Ал қазіргі таңдағы сабақтарда қолданып жүрген жаңа STEM жобасын еске салсақ, оқушы «мен оны жасай аламын» деген деңгейде болмақ. Егер біз мәтінді оқытып, оның мазмұнын ғана сұраумен шектелу емес, осы мәтінді оқыған соң қандай ой түйдіңдер немесе өзің осы мәтінді оқыған соң қандай сезімде болдың десек, талқылаудың алғашқы деңгейіне жетелегеніміз. Себебі, оқушы өз сезімін жеткізе алады, жанашырлық сезімін, қорқу сезімін, т. б. сезімдерін қалай бастан өткергенін жеткізуге асық болады.
Оқушының мәтінді оқыған соң кейіпкерге деген аяушылық сезімі немесе құрмет көрсету сезімі туындауы мүмкін. Сезімдеріне назар аударған кезде олар пікірталасқа түседі.
3-сыныптың әдебиеттік оқу пәнінде Оразбек Бодықовтың «Аққұс туралы аңыз» деген мәтіні берілген, егер біз осы мәтінді Блумның когнитивтік саласымен талдар болсақ, бұл салада оқушы Шәмші Қалдаяқовтың Аққұс туралы аңызды анасынан естігенін біледі, Аққұс пен Қарақұс туралы оқиғаны анықтайды, яғни білу деңгейінде білім алады. Ал түсіну деңгейінде Аққұстың адамдарға қандай әсер еткенін өз сөздерімен түсіндіреді. Ал қолдану деңгейінде мәтіндегі оқиғаны ретімен орналастырып, баяндайды. Ал талдау деңгейінде Аққұс пен Қарақұстың мінез-құлқын салыстырады, Қарақұстың қызғанышының себебін анықтайды. Ал бағалау деңгейінде «Аққұсты Қарақұстың жойғысы келетіні неліктен? » деген сұраққа жауап іздейді, Қарақұстың қызғану себебін анықтайды.
Ал Блумның аффективтік саласымен талдар болсақ, мәтіннің өзегі-өнердің адам жүрегіне әсері, қызғаныштан қашу мен мейірім, үміт, еркіндік пен жақсылық болмақ. Неткен құндылықтар?
Оқушылар Аққұстың әні мен оқиғаға назар аударып, мәтіндегі эмоционалдық көріністерді байқайды, яғни қабылдайды, Ал қатысу деңгейінде Аққұстың тағдырына алаңдап, Қарақұстың өзгеруін талқылайды. Құндылықты бағалау кезеңінде өнерді, мейірімділікті, еркіндікті, жақсылықты бағалайды. Ал ұйымдастыруда мәтіндегі құндылықтарды өз өміріндегі жағдайлармен байланыстырып айтады. Ал сол құндылықты мінез-құлыққа айналдыруда «Біреудің жақсы қасиетін қызғанбай, бағалаймын», «Өнерді құрметтеймін» деген ұстаным қалыптасатын болады. Сабақ соңында: «Бұл мәтін менің бойымда қандай сезім оятты? », «Мәтінен қандай құндылық алдым? », «Мен үшін «Әннің құдыреті» деген не? » деген сұрақтар беру арқылы оқушыға мәтінді тек түсініп қана қоймай, оны ішкі сезімі арқылы қабылдауға үйретеміз.
Ал Блумның психомоторлық саласы-әрекет ету, орындау, жасау арқылы, яғни сахналау арқылы, сурет салу арқылы, оқиға картасын жасау арқылы жеткізеді. Міне, мәтінді Блумның үш саласымен оқытсақ, «Оқушы мәтіннің мазмұнын түсінеді» мақсатымен, яғни «Білу» деңгейімен шектеп қана қоймаймыз, оқушыны үш жақты когнитивтік салада мәтінді түсінеді, талдайды, қорытынды жасайды мақсатына жетелеп, аффективтік салада мәтінді оқушы сезінуіне, кейіпкерге эмоциялық қатынас білдіруіне, өнер құндылығын түсінуіне жетелейміз. Ал психомоторлық салада түсінгенін сахналайды, суретін салады, әрекет арқылы көрсетеді. Оқушы бір сабақта өнерді ақылымен түсініп, жүрегімен қабылдап, әркетімен көрсете алады. Нағыз сыни ойлау, білімін өмірде қолдана алуы, функционалдық сауаттылық деген осы емес пе?
Олай болса, Қазақстан Республикасының президенті Қасымжомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «жас ұрпақты кітап оқуға үйретуде жеті идея жатыр десек, алған білім идеяларға, пайдалы әрекеттер мен шешімдерге айналып, қоғамға, отбасына және қоғамға пайда әкелуі тиіс» десек, бастауыш сыныптан мәтінді Блумның үш саласы бойынша талдап оқуға үйретейік.
Тағы да оқыңыздар


















