Алты бала мен қызметті қатар алып жүрген Әсел Өмірбаевамен сұхбат

Сұхбат 19:35, 25.11.2025 54

21 ғасырда бала мен үйді, қызмет пен мансапты қатар алып жүрген әйелдер көбейді. Олардың қатарына көпбалалы аналар да қосылды. Біз бүгін қызметі мен алты баласының қамқорлығына үлгеріп жүрген қызметкер-ана Әсел Өмірбаевамен әңгімелестік. 

Әсел Өмірбаева Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Күміс алқа» алқасымен марапатталды және Энергетика министрлігінің кәсіптік біліктілік жөніндегі сарапшысы.

Әсел ханым, бүгінде әйелдерге жұмыс пен үйді қатар алып жүру оңай емес. Жұмыстан кейін де «үйдегі жұмыс» деп қалжыңдайтынымыз бар. Тек оған ақы төленбейді. Сондықтан сіздің алты баламен кәсібіңізді алып жүруіңіз көпшілікті таңғалдырды. Сізді жақынырақ тану үшін алдымен балалығыңыз туралы айтып берсеңіз.

Қызылордада туып-өстім. Өзімнің отбасымда да алты бала болдық. Мен екіншісімін. 1-6 сынып аралығында жалпы орта мектепте оқыдым, кейін 7-сыныптан бастап жеке ақылы тереңдетілген лицейге ауысып, жақсы оқуымды жалғастырдым. Колледжде құқықтануды үздік дипломмен бітірдім. Кейін Астанада бакалаврымды аяқтадым. Енді осы қыста заңгерліктің магистратурасына тапсырдым. Жұмыс, үй, оқу болайын деп тұр енді... Қысқаша айтсам, 22 жасымда тұрмысқа шығып, 36 жасқа дейін алты баланың анасы атандым.

Алты бала мен жұмысты қатар алып жүрудің қызығы мен қиындығын айтып берсеңіз.

Әрине, алты бала түгілі екі-үш баламен жұмысты қатар алып жүру оңай емес. Бірақ мен ешқашан декретте ұзақ отырған ана емеспін. Біріншіден, жастық. Екіншіден, Астананың өмірі. Бастапқы кездері үй алу керек деп, кейін балалардың үйірмелеріне жеткізу тағысын тағы болып арпалыстық. Жұмыстан үйге жеткенше сағат 8 болады. Олардың тамақ-шайы, жуындыруы бар. Одан қалды әр балаға жеке көңіл бөлу керек. Мұның бәрі уақыт пен энергияны талап етеді.

Сонда декреттен гөрі жұмысты таңдайсыз ба?

Үйде отырайын деп көрдім. Отыра алмадым. Мені жұмыс іздеп тұратын сияқты. Маған қоғамның ортасында жүру, араласу маңызды екен. Өзімді қағаз-құжаттың адамы көремін. Алғашқы үш баланы тоқтаусыз кружоктарға беріп, бала күтуші жалдадық. Бірақ төртінші баладан бастап үйірмелерін демалыс күнге қоятын болдым. Себебі жұмыстан кейін бала-шағаны жан-жақтан жинау оңай болмады. Дегенмен мен бәріне үлгеруім керек деген ұстаныммен жүремін. Балаға да, жұмысқа да үлгеруім керек.

Бұл ретте жолдасыңыз туралы айтпасақ болмас.

Жолдасым екеуміз жастық махаббатпен шаңырақ көтердік. Екеуміз де спортпен айналыстық. Ол баскетболдан Қызылорда құрамасында ойнады. Сол жарыстарда танысып, 9 жыл кездесіп шаңырақ көтердік. Бір-бірімізге деген сыйластығымыздың арқасында осы күнге жеттік. Күйеуім жеті рет өлшеп, бір рет кесетін сабырлы адам. Мен керісінше тез шешім қабылдап, тәуекелшілмін. Күйеуім – ерекше адам. Өз талғамы, өз құндылықтары бар. Көзқарасы басқаша. Астанаға көшіп келгенде де оңай болған жоқ. 2009 жылы бала-шағамен екеуміз келдік. Бәрінен өттік. Қазір жайлап балалардың алды есейген соң жеңілдеді. Бір-біріне қарайласады. Жолдасымнан бөлек, ата-енем де балаларыма қарап көмектеседі. Олар Қызылордада тұрады, дегенмен арасында балаларды сол жаққа жіберіп алатынымыз бар. Бір жағынан ата-әжесінің мейіріміне тойсын, екінші жағынан бізге сәл жеңілдеу болсын деп жібереміз.

Кейде бала ауырады, мектептен шұғыл алып кету керек болады. Я болмаса, жұмыста маңызды жоба болып тұрады, сол кезде балаға да керек болып қаласың. Сондай сәттер болды ма?

Әрине, ондай сәттер көп болды. Жақында ғана сондай жағдай болды. «Аманат» партиясының «Томирис» жобасына қатыстым. Сонда кішкентай қызыма аяқ астынан ота жасау керек болды. Күн суыған кезде балабақшадан «демалыс» алып, ата-әжесіне жібергенбіз. Сөйтіп сол жобамен қатар қызыма ота жасалды. Сондай кездерде аналық жүрекке оңай болмайды. Бала мен жұмыстың ортасында қалғандай боламын. Ата-әжесіне алғысым шексіз. Менен артық қарамаса, кем қараймайды. Сөйтіп арасында мұндай сынақтар болады өмірде, бұл бізді тағы да әрі қарай өмірге шыңдайды деп ойлаймын.

«Томирис» жобасы туралы айтып берсеңіз.

«Томирис» – республикалық масштабтағы ірі жоба. Ел бойынша 165 әйелдің ішінен 60 әйел финалға шықты. Соның бірі болдым. Бәрі – мықты әйелдер. Жергілікті әкімдер, өңірлік мәслихат депутаттарының арасында үздіктердің арасында болдым. Іріктеу оңай болған жоқ. Өз жобаңды әзірлеп, қорғау, эссе жазу, видео таныстыру, сұхбаттан өту – бірнеше кезеңнен өттік. Сондай үлкен конкурстан сүрінбей өтіп, үздіктердің қатарынан өзімді көру – мақтаныш. Маған үлкен тәжірибе болды. Бар еңбегім, талпынысым, жанталасуым бекер емес деген шешім шығардым.

Әйтсе де, кейде бәрін тастап, тыныш үйде отырайыншы деген кездеріңіз болған шығар?

Болды ғой. Кейде «осы мен кіммін, осылай белсенді жүгіре бергеннен не шығады» деп ойлаймын. Кейбір әйел сияқты үйде бала-шағаның тамағын беріп, киімін үтіктеп, үйірмелеріне тасып, отыра бермеймін бе деп те ойланамын. Күйеуімнің тапқанын жеткізіп, тыныш отырайын дегендей. Жасың келген сайын энергияң азаяды, шаршайсың. Бірақ жолдасыма да оңай емес. Ол да таңнан кешке дейін еңбек етеді. Сондықтан балалар өскенше оған қолғабыс болайын деп шештім. Бұдан бөлек өзімді тек ана емес, қоғамда белсенді қызмет ететін, өз саламның мықты сарапшысы ретінде көремін. Сонымен қатар, екінші қызым алты тіл біледі. Шығармашыл қызым. Бөлмесінің бәрі толған сурет. Балаларым үздіксіз білім алады. Өздеріне ұнайтын үйірмелеріне барады, түрлі жарыстардан жеңіп келеді. Сондай сәттерде барлық шаршағанымды ұмытып кетемін.

Әсел, расымен, қазіргі заман талабы сол. Үйге де, жұмысқа да үлгеру керек. Дегенмен алты баламен екеуін қатар алып жүру оңай емес. Сол себепті көпшілік сіздің тұлғалық қасиетіңізді, еңбекқорлығыңызды, қайсар мінезіңізді үлгі етеді.

Иә, заман талабына сай біз де бейімделеміз ғой. Бүгінде қол қусырып отыратын уақыт жоқ. Бұрынғы қазақ аналары бізден де көп еңбек еткен. Арпалысып, жан-жақты дамып, бәріне үлгеруіміз керек. Балалар өскен соң олардың қызығын да, еңбегіміздің жемісін де көреміз. Соған сенемін. Әулеттің де абыройын сақтап қалуымыз керек. Ақжаулықты ана болып, қызметтік жолымды да алып жүрген тұлға болып, қыздарыма үлгі болғым келеді. Маған қарап қыздарымыз бой түзейді. Қайынатам маған ылғи шай басында «сен үлкен әулеттің алтын анасысың, сенімен бәрі ақылдасатын жасқа келдің, 4 қабырға жинайтын ақылды, дана келін бол, айналайын» деп батасын беріп, сондай-ақ жолдасыңды асты-үстіне түсіп сыйла деп ақылын айтып отырады.

Әңгімеңізге рақмет!

Видеофакт

10 қызықты HI-TECH жаңалықтар

11:42, 03.04.2025
10 қызықты HI-TECH жаңалықтар
«
Қараша 2025
»
  • Дс
  • Сс
  • Ср
  • Бс
  • Жм
  • Сб
  • Жс
  •  
  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5
  • 6
  • 7
  • 8
  • 9
  • 10
  • 11
  • 12
  • 13
  • 14
  • 15
  • 16
  • 17
  • 18
  • 19
  • 20
  • 21
  • 22
  • 23
  • 24
  • 25
  • 26
  • 27
  • 28
  • 29
  • 30