Макияж әдемі болуы үшін қымбат косметика керек: стреотип пе, шындық па – визажист Айша Сурамаевамен сұхбат
Бүгінде қыз-келіншектер макияжсыз сыртқа шықпайды. Тіпті жасөспірімдердің арасында макияж жағатындар көбейді. Осы орайда макияж әдемі болуы үшін қымбат косметика керек пе? Қай жастан бастап боянуға болады? Макияждан кейін теріні қалай күту керек және неге көңіл бөлу керек? Осы және өзге сұрақтың жауабын сұлулық индустриясындағы сарапшы, визажист Айша Сурамаева айтып берді.
Айша, сіз үшін макияж жасағанда не маңызды?
Макияждағы ең маңызды кезең – теріні мейкапқа дайындау. Әйтпесе, қандай қымбат, люкс косметика болса да, макияж ұзақ тұрмайды, тегіс болмайды не басқа проблемасы болады. Сондықтан алдымен теріні жақсы тазартып, ылғалдап алу керек. Сол этапқа көп көңіл бөлемін. Екіншіден, макияж жасататын адамның табиғаты маңызды. Оның болмысын, ішкі жан дүниесін көрсететін макияж жасауды таңдаймын. Үшіншіден, өз ісіңді сүю керек. Сонда макияжыңда сапалы, клиентің де риза, сен де табысты боласың.
Макияж әдемі болуы үшін қымбат косметика керек: стреотип пе, шындық па?
Меніңше, бұл – жақсы сұрақ. Мен макияжды енді бастаған кезде қымбат косметика алуға ақшам болған жоқ. Сол себепті мен қымбат косметика емес, кәсіби, бірақ бағасы қатты қымбат емес косметикадан бастадым. Кейін түрлі косметиканы тестілеп, сынап көріп, арзанының да жақсы болатынын түсіндім. Яғни, арзан болса, макияж әдемі болмайды дегенді білдірмейді. Тура солай, қымбат косметика болса, әдемі макияж шығады дегенді білдірмейді. Бастысы сенің шеберлігің. Сенің косметиканы түсінуің, модельдің терісін танып, макияжға әзірлеуің. Сондықтан ең маңыздысы косметика емес, шеберлік дер едім.
Демек, кейде қымбат косметикаға бренді үшін артық төлеуіміз мүмкін ғой?
Иә, себебі тура сондай сапамен арзандау косметика да табуға болады. Бірақ бұл да қымбаттың бәрі сондай дегенді білдірмейді. Шынымен ақысына тұратын сапалы, қымбат косметика да бар. Тек альтернативасы болса, ақша шығындаудың қажеті жоқ. Тағы бір айта кететін жайт: тональный крем, консилер, пудра деген макияждың негізін құрағандықтан, мұның жақсысын алу керек. Қымбаттау болса да, жақсысын алған абзал. Ал тени, румяна, далап, тушь дегенді арзан сегменттен ала беруге болады. Мысалы, мен өзімді айтатын болсам. Визажистерге арналған кәсіби косметикам бар. Оның ішінде люкс, орта сигмент, арзан сигмент болып бөлінеді. Мен макияждың негізін құрайтын қажеттіліктерді орта және люкс сегменттен аламын.
Күнделікті базалық макияжға қандай косметика ұсынасыз?
Күнделікті макияжға кәсіби макияждағыдай көп косметика қажет емес. Тіпті консилер жағып жүре беруге болады. Әркім өзіне ыңғайлы бояуды пайдаланып, күнделікті боянып жүре алады. СПФ пайдаланса да жеткілікті.
Жасөспірімдердің арасында бояну трендке айналғандай. Бұған қатысты көзқарасыңыз қандай?
Жасөспірімдерге косметиканы ерте бастаудың қажеті жоқ. Бет-әлпетінде менікіндей акне не басқа проблемасы болса, онда түсінікті. Алайда жасөспірімнің терісі әлі косметикаға дайын емес. Сонымен қатар, макияждағы ең маңызды нәрсе – макияжды қалай жағасың және қалай сүртесің. Мәселен, өзім екі құралмен тазартамын. Шербет, гидрофил шербет немесе майы, содан кейін «умывалкамен» жуамын. Сонда беттегі косметика жақсы жуылады. Тері тырыспайды, созылмайды, қиналмайды. Терінің қандай типке жататынын да біліп алу керек. Жасөспірімдерге Тик Ток, Инстаграмдағы видеолар қатты әсер етеді. Олар сату үшін түрлі «жасырын рекламаларды» жасөспірімдерге ұсынады. Бірақ оларға қазір макияждың қажеті жоқ. СПФ-тің өзін 16 жастан бастап пайдалануға болады. Ал қазір күнделікті тазартып, құрғатып алмаса жеткілікті. Немесе крем, тонер жақса жетеді. Кейін жасы өсе келе 16-18 жаста сывороткаларды қосуға болады. Мұның бәрін маманмен кеңесіп орындаған дұрыс. Егер қыз ерте боянғысы келсе, оның себебі болуы мүмкін. Оны ата-анасы сөйлесіп, сұрау керек. Сырын ұғу керек. Баланың ерте боянуына не түрткі болды, ішінде не жатыр деген сұрақ туындайды. Яғни, бала қандай да бір комплексін жасыру үшін боянуы мүмкін. Сол жаста безеу шығуы мүмкін. Содан ұялатын шығар. Бірақ оны макияжбен жаппай, косметолог не басқа дәрігермен ақылдасқан жөн.
Фейс фитнеспен айналыс, коллаген іш немесе ботокстың жарнамасы көбейіп кетті. Қайсы пайдалы?
Мен көбіне коллагені бар косметиканы қолдануға тырысамын. Коллаген деген күнделікті суды аз ішкеннен жетіспеушілікке әкеп соғады. Сондықтан суды жеткілікті деңгейде ішіп, қосымша коллаген ішкен де артық етпейді. Ал фейс фитнеске келетін болсақ, мен укол, ботоксқа қарсымын. Ол уақытша әсер етеді. Укол ыдырап кеткен соң орны босап қалады, сосын қайта салады. Одан да бетке түрлі массаж істеп, жақсы уход жасап, күтіну керек. Сондықтан фейсмассаж көмектеседі. Оны да теріңнің түріне қарай орындау керек. Беталды жасауға болмайды.
Кеңесіңізге рақмет!
Рахила Бекназарқызы
Тағы да оқыңыздар
