Жетісудағы Н.Тілендиев мектебі – балалар музыкасының шамшырағы

Мектеп ақпары 11:39, 04.04.2025 7

Талдықорған қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы балалар музыка мектебінің тарихы тереңде жатыр. 70 жылдық тарихы бар білім ордасы мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Таланттардың даңқты шеберханасы

Талдықорған төрінде өнердің мәңгілік шамшырағы сөнбей, рухани жауһарларды жарыққа шығарып келе жатқан бір қара шаңырақ бар. Ол – Нұрғиса Тілендиев атындағы балалар музыка мектебі. Бұл тек білім ошағы ғана емес, ұлттық өнердің ұлы дариясынан нәр алып, жүрегіне әуен құйған ұрпақтың алтын бесігі. Сырлы саз бен әуезді әуеннің құдіретін бала жүрегіне ұялатқан бұл мектеп – жас таланттардың арман кемесіне айналған қасиетті орда. Мұнда әр перне, әр шек, әрбір үн – ұлы дала төсінен ескен күймен, ғасырлар қойнауынан жеткен әуенмен үн қосады. Нәзік саусақтар домбыраның қос ішегін сөйлетіп, сырнай мен қобыз мұңын шертеді, пианино мен скрипка сиқыры тыңдарманды баурайды. Бұл жерде әр нота – жүректен шығып, жүрекке жетеді.

Облыс орталығының жүрегінде өнердің алтын бесігіне айналған Нұрғиса Тілендиев атындағы балалар музыка мектебі – талай талантты түлетіп, ұлттық және әлемдік музыка өнеріне қосқан үлесімен дараланған қара шаңырақ. Бұл мекеме уақыт өткен сайын жаңа белестерді бағындырып, жас ұрпақты саз әлеміне жетелеуден танбай келеді. Талапкерлер таудай тәрбие мен телегей теңіздей терең тәлім алады. Бұл білім ордасы нағыз өнердің өрісіне жетелейтін алғашқы баспалдақ іспеттес.

Аталған өнер ошағының іргетасы 1956 жылы қаланып, алғашқыда бір қабатты шағын ғана ғимаратта өз жұмысын бастаған еді. Оның негізін қалаған әрі алғашқы директоры болған – Манашева Күлсім Манашқызы. Өнерге шынайы берілген, болашақ ұрпақтың музыкалық қабілетін дамытуға бар күш-жігерін арнаған тұлға ретінде оның еңбегі ерекше. 1972 жылы бұл білім ордасы айтарлықтай кеңейіп, қазіргі Абай көшесіндегі жаңа ғимаратқа көшті. Осы істің басы-қасында Күлсім Манашқызы мен Қазақ Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімұлы Әшімов болды. Олардың ұйытқы болуымен бой көтерген бұл ғимарат бүгінде көптеген дарын иелерінің кәсіби қалыптасуына үлкен жол ашып отыр.

Жылдар бойы мектептің дамуына елеулі үлес қосқан басшылар қатарында Ағибаева Алма Закенқызы, Валитов Бари Ғабитайұлы, Қайралапова Алтын Темірбекқызы, Бугременко Александр Константинович, Сүлейменов Ғалым Көпесбайұлы, Әлібаев Дәуренбек Дәуренбекұлы, Омарова Ғазиза Байтенқызы сынды тұлғалар бар. Ал 2022 жылдан бастап мектеп тізгінін Оразбаев Шалқар Елісұлы ұстап келеді.

Қазақтың әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиевтің есімін арқалаған білім ордасы талай шәкірттің ұстаханасына айналды. Нағыз ұлттың қаймағына айналар тұлғалардың алтын бастауы осы білім мекемесі. Қаламыздағы ұлттық өнерге жақын, ән мен күйге әуес жастарға тәлім-тәрбие береді. Ұлы күйшінің атымен аталған соң қыран құстай баптаған талантты шәкірттеріміз республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Бүгінде 400-ден астам балаға сабақ береміз. Білікті мамандар қызмет етеді. Қазақтың өзі қан тамыры ән мен жырға толы ғой, сол өнерді жастардың бойына сіңірсек, ұлттық құндылықтарымыздың ғұмыры ұзақ болады. "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" дегендей, бабадан қалған ғұрып санасында жаңғырған ата-аналар балаларын біздің мектепке береді, - дейді мектеп директоры Ш.Оразбаев.

Оның айтуынша, мектепте өнерге қызығушылығы бар әр оқушы өзіне сай аспап түрін толық меңгеріп шыға алады. Себебі мұнда сан алуан өнер бөлімдері қарастырылған. Бүгінде бұл киелі шаңырақта 6 бөлім жұмыс істеуде. Мәселен, тұңғыш бөлімдерінің бірі – "Фортепиано" бөлімі. 1956 жылы Күлсім Манашқызының бастамасымен ашылған бұл бөлім музыка мектебінің негізін қалаған маңызды бағыттың бірі болды. Оны дамытуға зор еңбек сіңірген оқытушылар қатарында Людмила Абрамовна Радецкая, Галина Ивановна Великошевская, Виктор Адольфович Риппе, Елизавета Яковлевна Мирошниченко, Алла Тимофеевна Шагина, Ирина Ринголдовна Бабченко, Галина Петровна Федянина, Яремчук Галина Ивановна, Афанасьева Галина Григорьевна, Рубан Галина Петровна, Емельянова Ольга Михайловна, Кушнир Таисия Ивановна бар. Бұл қатарға кейінірек Талдықорғандағы фортепиано өнерінің дамуына үлес қосқан Кунева Қарлығаш Ахановна, Гарбузова Ирина Ильинична, Калпакиди Алла Ильинична, Инна Елена Владимировна, Темирова Меруерт Файзуллаевна сынды ұстаздар қосылды. Бүгінгі күні бұл бөлімде 11 оқытушы мен 132-ге тарта шәкірт дәріс алады.

Сан қырлы музыка саласысының түрлі жанрында өз өнерін көрсеткен өнерпаздар қаншама буынды тәрибелеп кетті. Бүгінде сол өрісті өнердің шамы әлі де сөнген жоқ.

Талай алыптар түлеген шаңырақ

1956 жылы мектеп "Теория" бөлімімен толықты. Бұл саланың дамуына кафедра меңгерушісі Мельникова және оқытушылар Родецкий Константин Александрович, Шаболкина Галина Семеновна, Куртова Наталья Владимировна, Конзелова Наталья Владимировна сынды білікті мамандар үлкен үлес қосты. 1960 жылдары олардың қатарына Евгений Иванович Черниченко, Алма Закеновна Ағибаева, Галина Павловна Борисенко, Валентина Николаевна Михеева қосылды. 1977 жылы қазақ тілінде білім беретін жас маман Тәттімбетова Зәуре Далбайқызы кафедра құрамын толықтырып, қазақша оқытуға жол ашты. Қазіргі уақытта бұл бөлімде 5 оқытушы еңбек етуде.

1957 жылы орыс халық аспаптары кафедрасы құрылып, оның негізін Иван Реснянский, Олейников, Мирошниченко, Кутман Андрей, Мартюшов Виктор, Дворниченко Виктор Николаевич, Марр Виктор Львович, Зайцев Геннадий Александрович, Дроздов Виктор Николаевич, Зубенко Михаил Александрович, Концерт Александрович, Китанин Юрий Николаевич, Вайенгард Михаил Иванович, Трамп Эдуард Эдуарович, Петраков Александр Анатольевич сынды мамандар қалады. Бүгінде бұл бөлімде 2 ұстаз, 22 оқушы дәріс алуда.

Нұрғиса Тілендиевтің есімін иеленген бұл музыка мектебі – ұлттық өнердің қарашаңырағы, дарынды шәкірттердің шығармашылық ұясы. Төл өнердің тұнығынан сусындаған жас таланттар дәл осы білім ордасынан түлеп ұшып, ел намысын асқақтатып жүр. Қазақтың әні мен күйін жүрегіне сіңірген өрендеріміз республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып, ұлттық музыканың биік шыңын бағындыруда. Бүгінде бұл мектепте 400-ден астам бала тәлім алады. Оларға өз ісінің нағыз майталмандары – тәжірибелі ұстаздар дәріс береді. Қазақтың қанына біткен өнерді дәріптеп, кейінгі буынға жеткізу – үлкен аманат. "Нағыз қазақ – домбыра" деп Қадыр атамыз жырлағандай, ата-бабамыздан қалған қасиетті мұраны сақтап, болашаққа табыстау – біздің басты міндетіміз. Өнерге жақын, күй мен жырдың қадірін білетін ата-аналар балаларын осы мектепке әкеліп, ұлы дәстүрдің алтын арқауын жалғауда. Ұлттық өнерді ұлықтайтын осындай білім ордалары барда, қазақтың мәдениеті мәңгі жасайтыны сөзсіз, - дейді Д.Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының директоры, домбырашы Самат Жексенбаев.

"Қазақ халық аспаптары" бөлімі 1957 жылы Қадырша Құрмановтың қолдауымен ашылып, кейін 1960 жылы оның қайтыс болуына байланысты жұмысын тоқтатты. Тек 1967 жылы Қазтуғанова Ғайша Наурызқызының басшылығымен қайта жанданып, оған Көпелбаев Мият Хамитұлы, Әлібаев Дәуренбек Дәуренбекұлы сынды ұстаздар қосылды. Бөлім құрамына кейіннен Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінің бас дирижері Әли Димигенұлы Алпысбаев пен бүгінгі күнге дейін мектепте қызмет етіп келе жатқан Марат Сейтайұлы Айнеков қосылды. Қобыз сыныбын ашқан Несіпжан Нұрасылқызы, оны әрі қарай Зауатбекова Гүлнар Мұғамедовна мен Байтұрсынова Рыскүл Зәрубайқызы жалғастырды. Қазіргі таңда бұл бөлімде 16 оқытушы мен 165 шәкірт білім алуда.

1968 жылы скрипка бөлімі құрылып, алғашқы ұстаздары Шпитцер, Решетникова және Ольга Борисовна Павлова болды. Кейін бұл қатарға Голенков Валерий, Суратдинов, Дик, Құлмаметов (виолончель сыныбы) секілді мамандар қосылды. Бүгінде бұл бөлімде педагогика ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі Төлеужанова Құралай Әскерханқызы, Тен Дмитрий Владимирович, Қилыбаева Әсем Оңғарбекқызы қызмет атқарып, 32 оқушы дәріс алуда.

Н.Тілендиев мектебі сонау кеңес дәуірнен келе жатқан алтын шаңырақ. Онда нағыз ұлттық ұстындарына айналған тұлғалар тәрбиеленіп шықты. Бүгінде өңірдегі жастарға руханияттың мөлдір тұнығы дәстүрлі ән мен күйді тарту етіп келеді. Қазақ үшін домбыра – қарапайым музыкалық аспап қана емес, қасиетті мұра. Ол – ұлттың жүрек соғысы, даланың үні. Шаңырақтың төрінде ілулі тұрған домбыра – өнер мен дәстүрдің аманаты. Өзіне тән қоңыр үнді тек нағыз шебер ғана терең сезіммен жеткізе алады. Баллардың оны үйренгені, бабалардың жолымен жүргені. Домбырасы бар үй – өнері мен тарихы бар шаңырақ. Бабадан қалған асыл мұра ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақтың мәңгілік сарынын сақтап келеді, - дейді дәстүрлі әнші Арафат Искаков.

1983 жылы Алтын Темірбекқызы Қайралапованың бастамасымен хор бөлімі ашылды. Бұл салада Шагина, Таисия Ивановна Кушнир, Людмила Владимировна Пожидаева, Наталья Федоровна Ильиных, Ғалым Ғабитайұлы Валитов сынды педагогтер еңбек етті. Қазіргі уақытта бұл бөлімде 5 оқытушы мен 66 шәкірт бар. Олардың бәрі ұлттың рухани дидарына айналған өнеріміздің жаңа толқыны ретінде көзге оттай басылады.

500-ге жуық бала білім алады

2002 жылы мектепке ұлы күйші, дирижер, композитор, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілді. Бұл білім ордасы тек өнерді дамытуға ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениетті жаңғыртуға да үлкен үлес қосып келеді. Мектептің әрбір сабағы, әрбір оқушысы ұлы Нұрғиса Тілендиевтің музыкалық мұрасын насихаттап, қазақ халқының музыка өнерінің асыл қазынасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу міндетін ұстанады. Майталманның есімімен аталатын мектептің есігін ашқан сәттен бастап, әрбір жаңа буын өздігінен дараланып, кәсіби музыкант болып қалыптасуға жол ашады.

Қазіргі таңда мектепте 417 оқушы өнер жолында шыңдалуда. Оларға 44 мұғалім мен 11 техникалық қызметкер қызмет көрсетеді. Оқу процесі фортепиано, қазақ халық аспаптары, хор, орыс халық аспаптары, ішекті аспаптар және теория бөлімдері бойынша жүргізіледі.

Домбыра – қазақ халқының қанына сіңген қасиетті аспап, ұлттың рухани болмысының ажырамас бөлшегі. Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұраған кезде жүректі тербейтін сырлы әуен төгіледі. Домбыраның қоңыр үні ұлтымыздың өткені мен бүгінін, қуанышы мен мұңын үнсіз толғайды. Көшпенділер дәуірінен бері халқымыз домбыраны серік етіп, оның пернелеріне тағдырын өрнектеп, шанағынан тарихын төгілткен. Алғашында жыр, толғау, терме орындауға қолданылған бұл аспап уақыт өте келе жеке күй жанрының қалыптасуына негіз болды. Бүгінде домбыраның мүмкіндігі кеңейіп, ән сүйемелдеу, күй тарту ғана емес, фольклорлық және классикалық шығармаларды орындауға да пайдаланылуда, - дейді мектеп директоры Шалқар Орзабаев.

Бұл қара шаңырақ – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан өнердің алтын арқауы, жаңа ұрпақтың шабыт бесігі. Музыка мектебінен түлеп ұшқан түлектер қазақ өнерінің көгінен жарқырап, ұлттық және классикалық музыка әлемінде өз орнын табуда.

Нұрғиса Тілендиев атындағы балалар музыка мектебі – қазақ мәдениетінің айбынды құндылықтарының қайта жаңғыруы мен болашақ ұрпаққа жеткізілуі жолында қызмет етіп жатқан асыл білім ордасы. Бұл жерде әрбір аспаптың даусы, әрбір әуеннің сазы тек музыканы ғана емес, ұлттың рухын, тарихын, арманын шырқайды. Әрбір үміт сәулесімен ашылған жаңа күн, әрбір қиындықты еңсере отырып, мектептің түлектері өздерінің даусымен, қолымен, жүрегімен қазақ өнерін жаңа шыңдарға шығарады. Бұл орда – ұрпақтар арасындағы алтын көпір, халықтың музыкалық мұрасын сақтап, оны жаңартып, әлемге танытатын ғажап мекен.

Жергілікті өнерпаздар аталған білім мекемесіне барып, жастармен кездесіп тұрады. Оларға ұлттық өнеріміздің маңызы мен мәнін түсіндіріп, дәріс те оқиды.

Видеофакт

10 қызықты HI-TECH жаңалықтар

11:42, 03.04.2025
10 қызықты HI-TECH жаңалықтар
«
Мамыр 2025
»
  • Дс
  • Сс
  • Ср
  • Бс
  • Жм
  • Сб
  • Жс
  •  
  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5
  • 6
  • 7
  • 8
  • 9
  • 10
  • 11
  • 12
  • 13
  • 14
  • 15
  • 16
  • 17
  • 18
  • 19
  • 20
  • 21
  • 22
  • 23
  • 24
  • 25
  • 26
  • 27
  • 28
  • 29
  • 30
  • 31
  •