Жасы 84-ке келген әже курс оқып жүр
84 жастағы ақтөбелік әже Зауза Молдабаева Қ. Жұбанов атындағы өңірлік университетінде қолға алынған "Күміс университет" жобасына қатысып, тігін тігуді үйреніп жүр.
Былтыр аталған жобаға 90-нан астам адам қатысса, биыл 175-ке жуық тыңдаушы тіркелген. Осылардың ішінде ең үлкені – 84 жастағы Зауза әжей. Ардагер медицина саласында 40 жыл абыройлы қызмет атқарған. Былтырдан бері "Күміс университет" жобасына қатысып, ағылшын тілін үйренген. Сондай-ақ цифрлық сауаттылық курсына қатысып, компьютермен жұмыс істеуді меңгеріпті.
Қазір мұнда 13 әже тігін курсына қатысып, тігіншілік өнердің қыр-сырын үйрніп жатырмыз. Қасымдағылардың ең жасы – 67-де. Мұнда біз өткен апта шалбарды пішіп, тігуді үйрендік. Енді белдемше тігуді бастаймыз. Жалпы, өзіме осындай жаңашылдық ұнайды. Жаңа дүниелерді біліп, үйренгенді жақсы көремін. Былтыр ағылшын тілін үйрендім. Қазір кейбір сөздерді жатқа оқимын, ағылшын тілін біршама білемін. Меніңше, қазір адамдардың жасы да, кәрісі де заман талабына сай жаңашылдыққа талпынуы керек, - дейді Зауза әже.
Кейіпкеріміз тігін курсын үш ай мерзімде оқып аяқтайтынын, арнайы сертификатқа ие болатынын айтады.
Мен кеңес заманы тұсында Ақтөбе облысының Темір ауданында 30 жылдан астам уақыт терапевт-дәрігер болып жұмыс істедім. І дәрежелі санаттағы дәрігермін. Кейін Темір қаласындағы 50 орындық аурухананы басқардым. Жолдасым осы ауданда хирург болып ұзақ жыл қызмет атқарды. Өкінішке қарай, 79 жасында өмірден өтті. Одан бөлек, жалғыз ұлым да дүние салды. Қазір екі қызым бар. Солардан тараған балалар мені бағып отыр, - дейді ол.
Зауза әже волонтер ретінде облыстағы қоғамдық іс-шараларға атсалысып келеді, сондай-ақ үзбей газет-журнал оқиды.
Тағы да оқыңыздар

Білім мекемелерінде кешенді қауіпсіздік жүйесінің бар-жоғы тексеріледі

Түркістандық ұстаз тірек сызбалардың электронды жиынтығын жасады
