Ақшаны қаралы күнге емес, мақсатқа жинау керек – сарапшы Марал Жаппасбай
Бұрын балалардан кім боласың деп сұрасаң мамандығын айтатын. Қазір кім болатынын сұрасаң, қандай маман көп ақша табады соны айтады. Мұндайда заманды ақша билеп жатыр ма деген ойдың тууы заңды. Бірақ неге барлық адам миллионер емес? Неге қазір несие алатындар көбейіп кетті? Осы және өзге сұрақтың жауабын қаржыгер, сарапшы Марал Жаппасбайдан сұрап көрдік.
Марал Мұратқызы, ақшаның энергиясы бар дегенге сенесіз бе?
Иә, сенемін. Кез келген дүниенің энергиясы бар. Оның үстіне бұл – ақша. Ол өмір сүру құралы. Оның энергиясы болмауы мүмкін емес. Ақша да жұмсай алатын, жинай алатын адамға келеді. Сондай-ақ, ақшаны сұрағанда берекесімен сұрау керек. Студент кезімде анам вахтада жұмыс істеді. 45 мың теңге жалақы алатын. Сол ақшадан менің оқуым, жатақханам, тамағым, жол жүруім – барлық шығынға сол 45 мың теңгені жеткізетінбіз. Себебі анам үнемі ақшаның берекесін берсін деп айтатын. Анам екеуміздің ақшамен байланысымыз, қарым-қатынасымыз жақсы болатын. Қарыз болып, басымызда көп кредит болып, қиналып көрген емеспіз, Аллаға шүкір.
Неге барлық адам миллионер емес?
Себебі адамдардың бәрі оған дайын емес. Бәрі миллиондаған ақшаның болғанын қалайды. Бірақ іштей дайын болмайды. Сол себепті барлық адам миллионер емес. Оны былай қарапайым тілмен түсіндіріп берейін. Мысалы, адам бір нәрсені қаласа, оған ақша табылады. Сол қалауына іштең дайын болды, оған ақша келеді. Тағы бір жақсы мысал. Біреу АҚШ-та, Еуропада білім алғысы келеді. Ақшасы жоқ. Қалауы бар, іштей дайын. Соңында ол сол оқуға барады. Себебі ол грант ұтады. Грант та ақша. Яғни, оның сол оқуға іштей дайындығы оған жол ашып, сол оқуына жетіп тұр.
Көп ақша қиын еңбек келеді деген пікір бар. Сенесіз бе?
Жоқ, сенбеймін. Балаға тек қиналу керек деген ойды санасына қуюға қарсымын. Бұл оның жауапсыз болуына түрткі болмайды. Керісінше, оған еңбектену керек, жауапкершілік болу керек, бәрі жақсы болады деген жақсы ойды егу керек. Мектеп кезінен балаларға ақшаның қайдан келетінін, оны қалай жұмсау керек, қор, депозит, күнделікті жұмсау, артық жұмсау, қажетсіз ақша құрту деген секілді базалық білімді үйрету керек. «Сенің ақшамен шаруаң болмасын, сенің ақшаға қатысың жоқ» деп оны ақшадан алыс ұстаудың қажеті жоқ. Сондықтан ақша тек ауыр еңбекпен келеді, қиналуың керек деген стреотип дұрыс емес. Әйтпесе, бала басында бейсаналы, кейін саналы түрде ақша тек қара жұмыспен, қиналғанда ғана келеді деген оймен өсуі мүмкін.
Ақша ауыр жолмен де, жеңіл жолмен де келуі мүмкін. Бірақ ол келеді. Одан қорықпау керек. Керісінше, онымен жұмыс істей білу керек. «Депозит аш, соған жина, кейін қажетіңе жаратасың» деп депозитін бақылауды үйрету керек. Бүгін 100 мың теңге болса, бір жылдан кейін миллионнан асады деп түсіндіріп, қаржы сауатын меңгерту керек.
Ата-ана баласының қандай қажеттілігін қамтамасыз ету керек? Міндетті ме?
Ең алдымен, ата-ана баласының сапалы білім алуын, денсаулығының жақсы болуын және басқа міндетті қажеттіліктерінен бөлек, оның базалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету керек деп санаймын. Базалық қажеттіліктер дегеніміз – тұрақты үйін, көлігін және басқасын жабу керек. Егер ата-ана баласының осындай қажеттіліктерін жауып, оның жұмысын жеңілдетіп берсе, тамаша болар еді. Сонда бала оқуын жақсы оқып, білікті маман болады. Бәрі өз кезеңімен, уақытымен болады. Мысалы, кейбір жігіттер де сол қажеттіліктерімізді жапқан соң үйленеміз деп кеш үйленіп жатады. Қазір қыздар да сондай күйге келді. Ал бұлардың бәрін ата-анасы орындап қойса, онда баланың өмірі, оның ұрпақтарының өмірі жеңілірек болар еді.
Тамақты несимен алып жатқандар көп – өздері кінәлі ме, үкімет пе?
Шынымды айтсам, екеуі де кінәлі. Себебі бұл бір-екі адамның мәселесі емес. Қазір тамақты несиеге алатындар көбейді. Демек халықтың табысы оның азығына да жетпейді деген сөз. Бір жағынан бұған үкіметтің халықты қолдау, теңгені нығайту шаралары, жалпы жұмысының әлсіздігі деймін. Екінші жағынан, халықтың өзі де той-томалақтан бастап, керексіз шығындар орындап, орынсыз несие алып, кейін тамағына да ақша жетпейтіндей күйге жетуі деп білемін. Яғни, бұл мәселенің екі ұшы бар. Оның үстіне банктер несиені оңай береді. Халық еш ойланбай ала береді. Тегін дүниедей. Соңында табысынан төлемі асып кетеді де қиналады.
Онда несиені қандай жағдайда алуға болады?
Бірден айтайын той істеу үшін несие алудың еш қажеті жоқ. Мұны қазір елдің бәрі айтады. Дегенмен той азаяр емес. Кейін сол тойға деп алынған несиенің салдарынан құрылған шаңырақ қирап жатады. Себебі қаржы проблемасын көтере алмайды. Сол бір күндік қуаныш кейін қасіретке айналуы мүмкін. Сондықтан біреуге мақтанып, ағайыннан ұят болады деп несиеге батып, ұлан-асыр той жасап, кейін оны екі жас қиналып төлеу үшін несие алудың керегі жоқ. Үй алу үшін несие алуға болады. Біріншіден оның пайызын инфляция «жеп қояды», екіншеден жалға берген ақшаңды несиеге бергенің артық, үй өзіңе қалады. Онда да ипотеканы ауыр қылмай, шама-шарқыңа қарай алу керек. Мысалы, үйің жоқ болса, бірден бизнес кластан 3 бөлме алып, кейін оны төлей алмай қиналудың қажеті не?! Одан да комфорт санаттан 1 бөлмеден бастап, кейін үйді жай-жай үлкейткен жөн. Көлік те сондай. Егер саған оның қажеттілігі болмаса, мақтану үшін көліктің керегі жоқ.
Жалпы қорыта айтсам, несие алмас бұрын, ертең оны төлей аламын ба, қиналып қалмаймын ба, қандай да бір күтпеген қиындық болған кезде қалай төлей аламын деп оң-солын ойлану керек. Ақша таратып жатқандай ала берудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, бір нәрсені шын қажеттілігі болмаса, оны бөліп төлей саламын деп алу да дұрыс емес. Одан да ақшаңды жинап, сосын ал. Бірақ ай сайын оның төлемін ойлап, жүйкеңді жұқартып, денсаулығыңды құртудың мүлдем керегі жоқ.
Ақшаңды көбейту үшін не істеу керек? Оны қалай жинау керек?
Мақсатың болмаса, ақша жиналуы қиын. Сондықтан мақсат құрып, ақша жинап үйрену керек. Мақсат болса, соған ақша артылады. Ақшаны қаралы күнге емес, мақсатқа жинау керек
Соңғы сұрақ: ақшаны үйде кім ұстау керек?
Ақшаны ұстай алатын адам ұстау керек. Ол ер-әйел деп бөлінбейді. Кім ұстай алса, сауатты жұмсай алса, сол адам ұстау керек.
Сұхбатыңызға рақмет!
Рахила Бекназарқызы
Тағы да оқыңыздар

Оқушылар арасында ойынға тәуелділіктің алдын алу: теориядан практикаға
